Басты бетЖаңалықтарҚазақстан мен...

Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы басталды

Петропавлда Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтетін екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық форумы басталды.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келіп жатқан меймандар легін қарсы алып жатыр. Форум жаңадан ашылған теннис орталығындағы көрмеден басталды.

Бүгін шын мәнінде маңызды жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Бұл шара — Қазақстан мен Ресей арасындағы көршілік, достық қарым-қатынастың айқын көрінісі. Бүкіл әлемге Қазақстан мен Ресей — экономика, геосаясат тағы басқа салаларда ынтымақтастық қарым-қатынастың бірегей мысалын көрсетіп отыр. Форумға қатысушылардың барлығына алғысым шексіз, — деді жиынды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Дүниежүзілік туристік қауымдастықтың мәліметі бойынша 2017 жылы Қазақстан туризмнен 1,929 миллиард, ал Ресей 8,945 миллиард доллар көлемінде пайда көріпті. Бұл саланың даму көкжиегі кең. Сондықтан ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік саладағы өзара әріптестікті нығайтуға, оның ішінде, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы туризмді дамыту және алға жылжытудың озық тәжірибесімен алмасуға, туристік индустрияға инвестициялардың келуін ынталандыруға баса назар аударылмақ.

Құрметті достар, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының ХV форумының ашылуымен құттықтаймын. Сіздердің қонақжайлықтарыңызға алғысым шексіз. Бұл форумда біз екі елді байланыстырып отырған туризм туралы айтамыз. Оның бірегейлігі де осы. Біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық сипатқа ие. Экономикалық, достық қарым-қатынасты дамытуда туризмге ерекше мән беріліп отырғаны қуантады. Туризм — халық шаруашылығының 53 бағытының дамуына ықпал етеді. Жыл сайын 3,5 миллион қазақстандық Ресейге келеді екен. 3 миллионнан астам Ресей азаматы Қазақстанға саяхат жасайды. Бұл көрсеткіштер ұдайы өсуі керек. Себебі бізде туризмді дамытудың барлық мүмкіндікті бар, — деді РФ Мәдениет министрлігінің «Ростуризм» туризм жөніндегі агенттігінің басшысы Олег Сафонов.

Екі мемлекет көрмеге 40 экспонат қойды. Шараға Қазақстанның барлық өңірі мен Ресейдің 10 облысының өкілдері қатысып жатыр.

Біздің облыс үшін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу — зор мәртебе. Өңірде талайды таңғалдыратын нысандар бар. Мәселен, «Шалқар-Имантау» курорттық аймағы. Бізде емдік қасиеті жоғары екі көл бар. Шалқар көлі суының құрамы — теңіз суының құрамына өте ұқсас. Екіншісі — Меңкесер көлі. Оны Израильдегі Өлі теңіз суымен салыстыруға болады. Біз солтүстікке келетін туристердің санын, әсіресе Ресей туристерін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бізді ортақ тарих, ортақ құндылықтар біріктіреді, — деді жиында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Қос мемлекет үшін табысты сала саналатын туризмді дамытудың нақты шаралары жайлы 9 қараша күні Оқушылар сарайында Қазақстан мен Ресей Федерациясы басшыларының қатысуымен өтетін пленарлық отырыста айтылмақ. 2000-ға жуық делегат қатысатын форумда үкіметаралық, өңіраралық және коммерциялық бағыттағы 30 құжатқа қол қою жоспарланған.

ДереккөзBaq.kz