Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі — бұрынғы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің жалғасы. Көбінің есінде ол жас дебютанттар арасында өтетін фестиваль ретінде  қалды. Жастарға бағыт беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі болатын. Бұл жолы ұйымдастырушылар кинофестивальдің арқасында әлемдік кино саласы мамандарымен халықаралық байланыс орнатуды көздейді.

Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Бөлімдердің әрқайсысына Шәкен Айманов картиналарының атауы берілген. «Тоғысу» деп аталған бөлімде көрермен әлемдік фильмдерді тамашаласа, «Атамекен» бөлімі түркі халықтарының фильмдеріне арналған. Ал отандық фильмдер «Біз осында тұрамыз» деген атпен байқауға қатысады. Үздік туындыларға Қазақстан кинематографистері одағы атынан ұлттық «Құлагер» жүлдесі беріледі.

Шәкен Айманов кинофестивалі 2-3 жылдық үзілістен кейін Қазақстан кинематографистер одағының, Ермек Тұрсыновтың арқасында жанданайын деп отыр. Шәкен Айманов 20 жыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істеді. Одан кейін киноға келді, алғаш «Атаманның ақыры» фильмін түсірді. Ол Абай туралы трилогия түсіруді армандап еді. Шәкен Айманов — есімімен халықаралық кинофестиваль ұйымдастыруға әбден лайық режиссер,-деді КСРО халық артисі, фестиваль президенті Асанәлі Әшімов.

Асанәлі Әшімов. Фото: «Интерфакс-Қазақстан»

Ұйымдастырушылар 8 қарашада өткен баспасөз мәслихатында жобаның жұмыс фестивалі болатынын айтты. Олардың мұндай фестивальді қолға алуына қазіргі қазақ киносының жағдайы әсер еткен көрінеді.

Бұл фестиваль бұрын «Шәкен жұлдыздары» деп аталып жүрді. Біз кәсібилерден құралған ұйымдастырушылар ақылдаса келе фестивальді «Шәкен Айманов кинофестивалі» деп атауды дұрыс көрдік. Басқа фестивальдерден бір ерекшелігі — бағдарламада түркі елдерінің фильмдері көрсетіліп, олар да жалпы конкурсқа қатысады. Әлемде ешқандай елде түркі фильмдері біздегідей біріккен жоқ. Біз қазір қаптап шығып жатқан киноөнімдер туралы емес, кәсіби кино туралы сөз қозғағымыз келеді. Еліміздегі кинотеатрлардан беріліп жатқан отандық фильмдерге қарап, нағыз кино өнерінің құлдырап бара жатқанын көреміз. Кино саласына мүлдем қатысы жоқ, кәсібилігі мен тәжірибесі аз адамдар кино түсіретін болды. Біз халыққа қолындағы попкорнын ұмытып кететіндей нағыз киноны көрсеткіміз келеді. Көрерменнің талғамына аяқасты қарамай, онымен сапалы киноның тілінде сөйлескеніміз абзал. Бұл фестиваль Қазақстанның мәдени өміріндегі кең көлемді шара болады деген сенімдеміз. Шампан ішіп, қызыл кілемде жүріп өту маңызды емес, маңыздысы — көрерменнің нағыз киноның қандай болатынын түсінуі,-деді фестивальдің бас директоры, кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов.

Ермек Тұрсынов. Фото: «Интерфакс-Қазақстан»

Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан кинематографистер одағы ұйымдастырып жатқан кинофестивальге барлығы 300 өтініш келіп түскен.

Биыл біз кинофестивальдің ребрендингімен айналыстық, концепциясын, атауын өзгерттік. Фестиваль негізінен жас кинематографистерді қолдауға бағытталатын. Қазір бұл кинофестиваль тек жастарды емес, әлемдегі кез келген жастағы маман бақ сынай алатын кәсіби кинокөрмеге айналғалы отыр. Әлемнің 90 елінен 300-ге жуық өтініш түсті. Соның ішінен 45-ке жуық картина қазылар алқасы мен көрерменге ұсынылады. 17 мен 21 қараша аралығында қазақ көрерменін отандық премьералар мен әлемдік үздік туындылардың көрсетілімі күтеді, — деді кинофестивальдің көркемдік жетекшісі Диана Әшімова.

Олег Борецкий. Фото: «Интерфакс-Қазақстан»

Фестивальдің қабылдау комиссиясының төрағасы — «Олег Борецкий киноклубының» негізін құрған қазақстандық киносыншы Олег Борецкий.

Фестивальдің халықаралық бағдарламасына 53 картинадан 11-і таңдалды. Оның ішінде Еуропа елдерінің және Түркия, Иран, Перу, Оңтүстік Африка Республикасы мен Кубаның картиналары мен бір қазақстандық фильм бар. Таңдалған фильмдер коммерциялық емес, фестивальге арналып түсірілген үздік картиналар, — дейді сыншы.

ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі 5 күнге созылады. Фестиваль күндері Алматыдағы Kinopark 11 (Esentai Mall) және Kinoplexx Sary Arka кинотеатрларында картиналар тегін көрсетіледі.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!