Бірі билікке қарсы шығу мақсатында, бірі өздері танымайтын бауырларына көмектесу үшін, ал бірі қиялындағы «жұмаққа» бару жолында жазықсыз жандарды құрбан етіп келеді. Сол «жазықсыз» адамдардың көбінің қатарына дінге енді-енді бет бұрып, тура жолды іздеп, әлеуметтік әділетсіздікті сезініп жүрген, деструктив ағым идеологиясының алдында әлсіз, діни білімі таяз жастар кіреді. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында» айтылған. Бұлай деуімізге тағы бір дәлел — Baribar.kz-ке осыған дейін сұхбат берген теологтардың сөзі.

Жоғарыда аталған заң жобасында Қазақстандағы діни ахуал нақты көрсетілген.

Әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде Қазақстанға дінаралық және конфессияаралық шиеленістің таралуы, Орталық Азиядағы радикал діни ағымдар белсенділігінің арту қаупі төнуі мүмкін. Жаһандану процесі жекелеген саяси күштердің дінді өз мүдделері үшін пайдалану үрдісімен, әлемде діни экстремизм және терроризмнің таралуымен қоса жүреді. Жалған діни қағидаларды дәлме-дәл қабылдап, оған еретін адамдардың ой-өрісіне, сезіміне, іс-әрекеттеріне деструктив әсер етіп, дінді сылтау етіп оларды қылмысқа итермелеп отырған діни фанатизм мен радикализм әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа нақты қауіп төндіріп отыр.

Діни фанатизм мен радикализм мемлекеттің конституциялық негіздеріне, елдің зайырлы даму қағидаттарына, халықтың дәстүрлі рухани құндылықтарына зиян келтіріп жатыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жат ағымның алдын алу бағыты бойынша және Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасымен бірлесіп қолға алған, жат ағымға кіріп, теріс діни бағытты насихаттағаннан түрмеде жазасын өтеп жатқандармен сұхбаттасып, оңалту шараларын атқарып жүрген, Алматының Бостандық ауданы «Бәйкен» мешітінің наиб-имамы Нұрболат Дүйсебаевтың айтуынша, проблема жастардың кімнен білім алып, кімдердің сөзін тыңдап, діни ілімнің негізін қалай үйреніп жатқандығында. Түрмедегілердің көбі жат ағымда жүрген достарының уағыздарымен жүріп, солардың берген кітаптарын насихаттағандар. Олардың негізгі қатесі — мешітке барып, имамдардан Абу Ханифа мазһабына сай кеңес алмағандығында.

Нұрболат Дүйсебаев
Нұрболат Дүйсебаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Үнемі ізденісте жүрмеген, көшеде кездескен адамның сөзіне ере беретін, білімді кітаптан, ғұламалардың сөзінен іздемеген адам адасады. Діни білімнің негізін арабтардан емес, ата-бабамыздың ұстанымдарынан алу керек. Олар дінді қалай болса, солай ұстаған жоқ. Белгілі бір мәзһаб бойынша Құран мен сүннеттен аттамай, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, оразасын ұстады, намазын қаза қылмады. Олай болса, тарихымыз бен дәстүрімізді ұмытпай, ата-бабамыз ұстанған мәзһаб туралы білу өте маңызды. Жастардың өз ұстанымдарын білмеуінен өзге ағым жетегіне еріп кетуі оңай іске асып жатыр, — дейді Нұрболат Дүйсебаев.

Нұрболат Дүйсебаев
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Нұрболат Дүйсебаев мұсылмандықтың атын жамылған теріс ағымдардың азаматтарды, әсіресе, жастарды қалай арбайтыны туралы айтып берді. Адасушылар арасында кең тараған арбаушы диалогтың бірі мынадай:

— Бауырым, мұсылмансың ба?

– Иә, мұсылманмын.

– Пайғамбардың жолымен жүресің бе, әлде мәзһаб жолымен жүресің бе?

Діни білімі таяз, мәзһаб дегеннің не екенін білмейтін адамның жауабы пайғамбарымыз (с.ғ.с) тура жолдың адамы болғаннан кейін «әрине, пайғамбардың жолы» деп жауап береді. Бұл қате жауап болмауы мүмкін. Бірақ бұл — әлсіз адамның жанды жері. Басқа ағымның адамы оның жауабы арқылы дәл сол жерде миын айналдырады. «Онда кел, мен саған пайғамбардың жолын көрсетемін» деп, 1-2  білетін хадисін айтып, онда да дұрыс түсіндірмейді. Сөйтіп, өзінше қисынға сай нәрселер айтып өзіне баурайды. Олардың айтқан сөзінің басым бөлігі Құранда жазылған аят, хадис екені рас. Бірақ олар тек қатыгездікке, дөрекілікке шақыратын, қылмысқа итермелейтін немесе мұсылман еместерге айтылған аят, хадистерді ғана айтады. Теріс бағытта жүрген адамдардың уағыздары имандылыққа, инабаттылыққа, төзім мен сабырға шақырмайды. Ата-анаға қызмет жасау, басшының айтқанын істеу, бағыну, іріткі шығармау, қоғаммен бірге болу, одан бөлінбеу деген хадистер көп қой, оларды айтпайды. Тек айтатыны — «мынау харам, мынау бидғат, мынаны істесең жәннатқа барасың, мынаны істесең тозаққа барасың, мынаны істесең кәпірсің, мынаны істесең, мұсылмансың» деген сөз. Дінге деген көзқарасы енді-енді қалыптасып келе жатқан адамды өзіне тартып, қатарына қосып алады. Одан кейін «Мешітке барма, имамды тыңдама. Олар адасып жүр» деп миына шегелеп тастайды. Өздеріне керек аят, хадисті ғана жаттатады. «Осыны істеу керек. Істемесең  кәпір боласың» дейді.  Сондықтан адам өзінің білімсіздігін көрсеткен жерде жат ағымдағылардың уысына түседі, — дейді «Байкен» мешітінің наиб-имамы Нұрболат Дүйсебаев

Baribar.kz Алматы базарларының бірінде жүрген 25 адамнан мәзһабқа байланысты сауалнама жүргізген еді. Сұрақ: «Мәзһаб дегеніміз не? Сіз қандай бағытты  ұстанасыз?»

 

сауалнама
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
сауалнама
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
сауалнама
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың тең жартысы мәзһаб дегеннің не екенінен хабарсыз болып шықты. 40%-ы мәзһабтың анықтамасын білмесе де, өздерінің Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатынын біледі. 10%-ы мәзһаб туралы білетін болып шықты.

Сауалнамада қойылған сұрақтарға Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Нұрболат Айeкешев жауап берді.

Жалпы 4 мәзһаб бар. Мәзһабтар пайғамдардың жүрген жолын түсінікті етіп жеткізеді, ретке келтіріп, зерттеп, жүйелейді. Мысалы Әбу Ханифа пайғамбардың кезіндегі  жазылған аят, хадистерді зерттеп, әлеуметтік шындыққа келтірген, адамдарға түсінікті етіп жазған. Негізі пайғамбар жолы мен Әбу Ханифа мәсһабі екеуі бір нәрсе. Тек пайғамбар жолымен жүрген адам кей хадисті дұрыс түсінбей, шатасып кетуі мүмкін. Өйткені пайғамбардың заманында уақыт өткен сайын хадистер өзгеріп отырған. Мысалы, бұрынғы кезде намазды Иерусалимге қарап оқыған. Аят жарияланғаннан кейін адамдар намаз оқып отырған сәтте, орнынан тұрмай Меккеге бұрылған. Қазір сондай аят-хадисті оқыған адам бұрыс жолға түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан мәзһабтің жолымен жүрген дұрыс. Пайғамбардың аяттары жағдайларға байланысты өзгеріп тұрғандықтан, кейде бір-біріне қайшы келуі мүмкін. Оны зерттеп, дәлелдейтін, дұрысын айтатын Әбу Ханифа сияқты ғалымдар, — дейді әлеуметтанушы.

«Мәзһаб» деген сөздің екі мағынасы бар. Оның тілдік мағынасы – «жол, жүріс-тұрыс, әрекет ету», ал шариғи мағынасы – «мектеп, ілім, діни ғылым». Ислам дінінде «аһлу сүннә уә жамаъа» болып есептелетін Ханафи, Шафиғи, Малики және Ханбали деп аталатын төрт мәзһаб бар.

Түйін

Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне 12 ғасырдан асты. 12 ғасыр бойы қазақтар бір мәзһабпен, бір жолмен, бір бағытпен, бір көзқараспен, бір Аллаға құлшылық етіп, исламның бес парызын орындап келді. Ертеректе аталарымыз «Біз ең ұлық имам – имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабынанбыз!», — деп орасан зор мақтаныш сезіммен айтып жүрген. Демек, қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрпын ислам дінінен ажыратып қарау мүмкін емес. Оған халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған Құрбан айт, Ораза айт, сүндеттеу, бата беру, неке қию, жарапазан айту, садақа, пітір тарату сияқты діни дәстүрлер дәлел.

Қазақ даласының дәстүрлерімен біте қайнасып, бабаларымыз мойындаған имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып, олардың тарихына тереңірек көз жүгіртіп, тарихты құнттап оқи білсеңіз,  адаспасыңыз анық.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!