Бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың тоғыз айында іске асырылу қорытындысы қаралды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейінді министрліктердің және әкімдердің баяндамаларын тыңдағаннан кейін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының барлық негізгі бағыты бойынша өсім байқалатынын айтты. Премьер-министр Үкімет мүшелерінің назарын бірнеше басты аспектіге аударды.
Бірінші — бұл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражатты игеру мәселесі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, бірқатар өңірде 9 айдың қорытындысы бойынша былтырғы және жоспарлы көрсеткіштермен салыстырғанда қаражатты игеру қарқыны төмендеген.
Былтыр 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырып, жоғары көрсеткішке қол жетті. Премьер-министр биыл 12,1 миллион шаршы метр пайдалануға берілуі керек екенін еске салды.
Облыс әкімдеріне тұрғын үйдің жоспарланған көлемін аяқтау және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау тапсырылды.
Екінші — құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникацияларды жеткізу мәселесі. Бұл көппәтерлі үйлерге де, жеке үй құрылысына да қатысты. Биыл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының жартысына жуығы осы бағытқа көзделген. Бақытжан Сағынтаев кейбір өңірде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан салынып дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отырғанын айтты.
Жеке тұрғын үй бойынша осы жылы 40 мыңнан астам жер телімі желімен қамтамасыз етілуге тиіс, 9 айда тек 40% қамтамасыз етілген. Сондықтан облыстардың әкімдеріне осы мәселені қатаң бақылауға алып, тапсырмалардың алдағы екі айда орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Еске салайық, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы 2019 жылы жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу міндетін қойды. Оны өңірлік даму аспектілерін ескеріп, жаңа бағыттармен толықтыру қажет. ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне жаңа мемлекеттік бағдарламада тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі бойынша барлық аспектіні қарастыру тапсырылды.