Нұрсұлтан Назарбаев 4 заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін бірнеше заңға қол қойды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент мемлекеттік статистика саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Сонымен бірге ол «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» заңға, «Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы» заңға және «Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілермен күрес туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңға қол қойды.

Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланады.