«7-20-25» бойынша миллион теңгенің сертификатын қалай алуға болады?

Астанада «7-20-25» тұрғын үй сертификатын қалай алуға болатыны жайлы айтылды.

Астананың құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов тұрғын үй сертификаттарының тек бюджет саласындағы қызметкерлерге берілетінін айтты.

Көрсетілген қызметкерлердің табыс деңгейі аса жоғары болмауына байланысты олар тұрғын үй алу үшін қажетті ақша жинай алмайды. Талдау жүргізіп жатырмыз. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларында, ішкі істер департаментінде 30 мыңнан аса қызметкер бар. Олардың шамамен 16 000-ына пәтер қажет. Сонымен бірге осы салаларда бос орын көп: денсаулық сақтау саласында — 182, білім беру саласында — 344, ал полиция қызметінде 700-ден аса бос орын бар», — деді Руслан Ахметов қоғамдық кеңес отырысы барысында.

Оның айтуынша, осы салалардағы қызметкерлердің орташа жалақысы — 87 мың теңге. Отбасында ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істесе, олардың ай сайыңғы табысы — 170 мың теңге. Бір айда жұмсалатын барлық шығынды алып тастайтын болсақ, ай сайын 30 мың теңгеден жинауға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша салған жағдайда бір жылда шамамен 360 мың теңге жинауға болады. Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы пәтердің шаршы метрі 280-300 мың теңге болған жағдайда пәтердің бағасы 12 миллион теңге болатынын, ал бастапқы жарнаның 20% — 2 миллион 400 мың теңге болатынын айтты.

«Біз ТҮҚЖБ-мен есептеп көрдік. Алғашқы жарна 2 миллион 400 мың теңге болған жағдайда «7-20-25» бойынша қарызға ақша беретін болсақ, алғашқы төлем 7% болады. Сонда бюджет саласындағы қызметкерлер 15 жыл бойы ай сайын 83 мың теңге төлейді. Кейінірек бұл сома 3,5%-ға қысқарып, ай сайынғы төлем 44 мың теңгеге дейін қысқарады, — деді Руслан Ахметов.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік қызметкерлерге «7-20-25» бойынша баспана алу үшін миллион теңгеден берілетіні жайлы хабарланған болатын. «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметінше, қазақстандықтарға жылдың соңына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылады.

ДереккөзTengrinews.kz