Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Боғауыз жазған. Жұрт 1Fit жасаған қолданбаны кәнсілдеп жатыр

Фото: Жасанды интеллект

Әлеуметтік желіде 1fit жасаған Qozgal.app қолданбасының қызметкерлері only_alish деген қолданушыға қоланба атынан боқауыз сөз айтып, жауап берген. Ол Qozgal.app-тың қазақша постты қазақша қаріппен жазбағанына ескерту жасағанда, қолданба қызметкері оны боқтап жіберген. Қолданушы қолданбаның дайректіне «қолданушыға бұлай жауап берген дұрыс емес екенін жазғанда», тағы да мазақтап сөйлеген.

Qozgal.app only_alish деген қолданушының арызынан соң, кешірім сұраудың орнына «сендерге жақпайсың» деген жазба жариялаған. Жұрт Qozgal.app-ты жаппай кәнсілдеп жатыр. Baribar.kz мәселенің мән-жайын айтып береді.

Дау неден басталды?

Threads скрині
Threads скрині

Мынау енді шектен шыққандық. Өз тілімізді құрметтемегенімен қоса айтып отқан жауабын қарасаңшы. Бойкот! — деп жазды only_alish.

Осы жазбадан соң Qozgal.app «Қазақша сөйлесең де, сөйлемесең дде, жақпайсың» деген жазба жариялаған. Жұрт парақша ашылғалы алғашқы қазақша жазба сол екенін жазып жатыр. Қолданба авторлары біраздан соң бұл жазбаны өшіріп тастаған.

Содан кейін қолданба авторлары жұрттан кешірім сұрап, парақша екі тілде жүретінін жазған.

Жағымсыз жағдай болды. Qozgal парақшамыздың SMM маманы қазақтілді қауымдастықты ренжітетін сөз айтқан. Біз бірден шара қолданып, оның қолжетімдігін алып тастадық. Осы жағдайдан көңіліне тиген барлық адамнан шын жүректен кешірім сұраймыз. Instagram парақшамыз да жартылай қазақша, жартылай орысша жүргізіледі. Енді Threads парақшамызды да қазақ тілінде жүргіземіз, — деп жазған қолданба авторлары.

Алайда жұрт парақша бұған дейін тек орысша жүргізіліп келгенін және AppStore-да қолданба сипаттамасы орысша тұрғанын жазып жатыр. Қолданбаны кәнсілдеп, телефонынан өшіріп жатқандар да бар.

Осыған дейін жазған жазбаларыңыз орысша, тек бойкот басталғанда қазақша жазып, кешірім сұрауды қашан қоясыздар?! Бұл жерде тек СММ маманы кінәлі емес. Сіздер осы күнге дейін жай ғана атыңызға сай жұмыс істемегенсіздер, — деп жазды бір қолдауншы.

Threads скрині
Threads скрині
Threads скрині
Threads скрині

Жұрт тіпті 1Fit-тен абонемент алғысы келмей қалғанын айтып жатыр.

@1fit.app жобасы екен. 1Fit алайын деп жүр едім, осыдан кейін айнып қалдым, — деп жазды Smbtbeck деген қолданушы. 

Qozgal.app қандай заң бұзды?

Заңгер Айбир Сембайдың айтуынша, қолданба қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-тармағы бойынша, заң бұзып отыр.

1. Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту. 2. Көпшiлiк алдында немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет, — делінген бұл бапта.

Бұл бап бойынша заң бұзғандарға 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылып, жазаланады.

1Fit компаниясы бұл дауға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Baribar.kz 1Fit компаниясына ресми сауал жолдады. 

1Fit — Қазақстанның 16-дан астам қаласында 1000-нан астам спорт залы мен студияға баруға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық фитнес абонемен. Ол қолданушыларға бір абонементпен тренажер залы, йога, жүзу, би және жекпе-жек сияқты түрлі жаттығуға қатысуға мүмкіндік береді.

Qozgal.app — күн сайын 10 000 қадам басып, соны санауға көмектесетін 1Fit компаниясы жасап шыққан қадам өлшегіш.