Қазақстанда баспанаға мұқтаж деп танылған әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері ай сайын бюджеттен тұрғын үй төлемдерін алады. Осы жылға дейін аталған төлемдерді әскери қызметкерлер тек үй жалдауға ғана жұмсай алатын. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің баспасөз қызметі мәлімет берді.

2018 жылдың басынан бастап тұрғын үй төлемдерін беру схемасы өзгерді. Енді әскерилер бұл қаражатты үйді жалға алу ақысын төлеуден бөлек:

  • Бөліп төлеу немесе ипотекалық несие секілді жолдармен баспана сатып алуға;
  • Болашақта сатып алатын тұрғын үйді жалдауға;
  • Осыған дейін алған ипотекалық несиесін өтеуге;
  • Үлескерлік қатысу үшін жарна ретінде төлеуге;
  • Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне қатысу үшін жарна ретінде төлеуге;
  • Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысып, баспаналы болу мақсатында жинап отыруға пайдалана алады.

Тұрғын үй төлемінің көлемі төлем алушының қызмет атқарып жатқан аймағы мен отбасының құрамына байланысты анықталады. Төлемнің мөлшері әскери қызмет өткерілетін аймақтағы жалға алынатын үйдің 1 шаршы метрінің бағасын тұрғын үй ауданына көбейту арқылы есептеледі. Тұрғын үй ауданы әр отбасы мүшесіне тиесілі 18 шаршы метр көлеміндегі пайдалы алаң есебінен алынады.

Жалға алынатын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы жыл басында бекітіледі, кейін оны өзгертуге немесе түзетуге болмайды. Жалға алу құны туралы деректер осы жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика жөніндегі комитетінен алынады.

Тұрғын үй төлемін алушының баспана сатып алу үшін бұл қаражатты тек бір-ақ рет қолдана алатынын ескеру қажет.

«Әскери өнім» осы жылы қалай жүзеге асырылып жатыр?  

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бағдарламасы барынша төмен бастапқы жарнамен үй сатып алуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта бірінші кезең үшін банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлген еді. Алайда бұл қаражат тұрғын үйге мұқтаж барлық әскериді несиелендіруге жетпейтіндіктен банк өзге құрылымдық ведомстволармен бірігіп, қолжетімді баспанадан үміткерлерді іріктеу үшін арнайы ұпай жүйесін әзірледі. Ұпай санын анықтаудың басты критерийі ретінде бағдарламаға қатысушының әскери қызметте өткізген мерзімі алынды, яғни үміткердің әскери қызметте өткізген әр толық айына 0,5 ұпайдан берілді. Қызмет мерзімі неғұрлым үлкен болса, әскери қызметкердің жеңілдетілген заем ықтималдығы соғұрлым артып отырды. Бұл жүйенің мақсаты — бөлінген соманың үміткерлер арасында әділ және ашық бөлінуі.

2018 жылдың 2 шілдесі мен 1 тамызы аралығында Аskeri.baspana.kz порталында әскери қызметкерлерден өтінімдер қабылданды. Бір айдың ішінде Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан, Әскери прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Мемлекеттік қорғау қызметтерінің қызметшілерінен барлығы 13 мыңдай өтініш келіп түсті.

2-15 тамыз аралығында әскери ведомстволар мен арнаулы мемлекеттік орган өкілдері үміткерлердің жіберген өтініштерін тексеріп, келесі кезеңге өтетін әскерилерді анықтады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі іріктеу нәтижесінде осы жылдың аяғына дейін 6 000 әскери қызметшіні несиелендіруді жоспарлап отыр.

Әскери қызметшілер іріктеуден өткен-өтпегенін банктің онлайн-банкингі арқылы жеке кабинеттерінен біліп отыра алады.

Жалпы алғанда, Қазақстанда шамамен 70 мыңдай әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Бұл — тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешуге ниетті.

Әскери билет
Фото: Аikyn.kz

«Әскери өнім» аясында несие қандай шарттармен беріледі?

Әскери бағдарламаға қатысушыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта жиналған сома мен таңдалған тұрғын үйге байланысты займның үш түрі ұсынылады.

  1. Үй құнының 5%-ына тең бастапқы жарнасы бар әскери қызметші жылдық мөлшерлемесі 7% болатын несиеден үміткер атанады. Бұл жағдайда клиент таңдаған баспана жаңа үйлер нарығынан, құрылыс салушы ұсынған ұсыныстардың бірі болуы тиіс.
  2. 20% көлеміндегі бастапқы жарнасы бар әскери қызметші үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендейді. Мұнда да үйді құрылыс салушының өзінен сатып алу керек.
  3. Баспананы қайталама нарықтан, яғни қолданыста болған үйлердің бірін өзім таңдап аламын деген әскери қызметшіге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитке 20%-ға тең бастапқы жарна жинау керек және жылдық мөлшерлемесі 8% болатын несиеге өтініш беру қажет.

Осы жылы іріктеуден өтпеген әскери қызметшілерге не істеу керек?

2018 жылы пулға өте алмаған әскери қызметшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында ақша жинауды ары қарай жалғастыра бере алады.

Банктен әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін жинап отыру үшін арнайы салым аша алады. Бұл салымдар бірқатар артықшылыққа ие. Атап айтқанда:

  • Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанған әскери қызметші жыл сайын бір жыл ішінде жинаған ақшасының 20%-на тең мемлекет сыйлықақысын алып отырады. Бұл бонус берілетін депозиттің ең үлкен сомасы 200 айлық есептік көрсеткіш (481 000 теңге), яғни осы жылдың қорытындысы бойынша банк клиенттері 96 200 теңге (200 АЕК-тің 20%-ы) көлемінде ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы ала алады.
  • Мемлекет сыйлықақысы мен банк сыйақысын қоса есептегенде депозиттегі жиналған ақшаға бір жыл қорытындысы бойынша берілетін мөлшерлеме 13,3%-ға дейін барады.
  • Депозитке жеткілікті ақша жинап, ол бойынша несие ресімдегенде банк елдегі ең төмен үстемақымен несие ұсынады. Барлық тиісті талапты орындаған клиент 3,5-5% аралығындағы заем ресімдей алады.
  • Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алу кезінде төлем қабілеттілігін растаудың жеңілдетілген анализі қолданылады, яғни бағалау барысында отбасыға кететін шығындар мен басқа екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелері ескерілмейді.

Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі — әскерилердің арнайы салымын қорғайтын жалғыз қаржылық ұйым, яғни бұл банктен ашылған депозиттер ерекше мәртебе мен қолсұғылмаушылық кепіліне ие. Олар бюджет есебіне алынбайды; кейбір ерекше жағдайларды ескермегенде, кепіл дүниесі бола алмайды; шот иесінің басқа міндеттемелері бойынша тыйым салынбайды; уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды.

Тұрғын үйге мұқтаж деп танылған әскери қызметшілердің барлығының дерлік (банкте 70 мыңдай арнайы салым ашылды) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін таңдауы осы себепті болар.

Баспана алатын ақшаны қалай жинау керек?

Тұрғын үй төлемдерін банктегі арнайы салымда жинап отыру үшін келесі іс-әрекеттерді орындау қажет.

1-қадам. Жеке арнайы шот ашу

Тұрғын үй төлемдері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен ашылған арнайы шотқа аударылады.

Мұндай шот ашу үшін әскери қызметші тұрғын үйге мұқтаж екендігі туралы статус алуы (əлі берілмесе) жəне тұрғын үй төлемдері тағайындалуы үшін қызмет өткеру орны бойынша тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына рапорт беруі керек.

Осыдан кейін Тұрғын үй комиссиясы қызметкердің өтінімін қарастырады жəне тұрғын үй төлемін алатындығы туралы анықтама береді.

Мекеме тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлердің тізімін жасап, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кеңесшісін шақырады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілі әскери қызметшінің жұмыс орнына келіп, тұрғын үй өтемақылары туралы келісімшарт бекітіп, арнайы шот ашып береді.

2-қадам. Арнайы салым ашу

Тұрғын үй төлемін банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы қосылып отыратын жинақ ретінде пайдалану үшін әскери қызметші арнайы салым ашуы керек. Арнайы жеке шоттағы тұрғын үй төлемінің бір бөлігі немесе толықтай осы салымға аударылып отырады.

Ақшаның қалай жиналып жатқандығын жəне өзге операцияларды ЖССБ24 интернет-банкингіндегі «Жеке кабинеттен» келесі мекенжай бойынша қадағалап отыруға болады: https://online.hcsbk.kz.

Әскери қызметші салымын тек тұрғын үй төлемдерімен ғана емес, өз қалтасынан қосымша қаражат салып та толықтыра алады.

«Әскери өнім» аясында үйді бірден алмай, ақша жинап барып сатып алған несімен тиімді?

Әскери қызметші тұрғын үйді несие сомасына қарай өзі іздейтін болады. Несие сомасы үміткерге мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемі негізінде есептеледі. Ал тұрғын үй төлемінің көлемі қызмет атқаратын аймақ пен отбасы құрамына байланысты анықталады, яғни отбасы неғұрлым үлкен болса, төлем сомасы да соғұрлым жоғары.

Тұрғын үй төлемдерін баспана сатып алу үшін бір рет қана пайдалануға болатындықтан отбасын құрып үлгермеген немесе әлі ата-ана атанбаған жас әскери қызметшілерге пәтер сатып алуға асықпаған дұрыс. Оның орнына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, тұрғын үй төлемдерін сол жерде жинай берген, ал үй сатып алуға арналған байқауға келесі жылы қатысқан тиімдірек. Әскери қызметшінің депозитте жинған қаражаты пен тұрғын үй төлемі сомасы үлкен болса, кең пәтер сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Мысалы, Астанада қызмет атқарып жүрген майор жақында ғана үйленді, əзірге балалы болып үлгерген жоқ делік. Тұрғын үй төлемі 1 адамға 48 870 теңге (Астанадағы тұрғын үй төлемінің сомасы) деп алынып, екі адамға 97 740 теңге көлемінде беріледі.

Бұл отбасы бірден бастапқы жарнасыз несие алғысы келсе жəне ұпай саны бойынша өтсе, онда банк 9 700 000 теңгені бастапқы жарнасыз заем түрінде бере алады.

Астанада 9 700 000 теңгеге тек бір бөлмелі пəтер сатып алуға болады. Болашақта мұндай үй тарлық қылады.

Ал егер әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін банктегі шотқа жинап отыратын болса, бірнеше жылдан кейін кең пəтер сатып алуға мүмкіндік беретін заем сомасын алудан үміткер атанады.

Бұдан бөлек, әскери қызметші неғұрлым ұзақ уақыт депозитіне ақша жинаса, мемлекет сыйлықақысын да соғұрлым көп алады, тұрғын үй займы бойынша пайыздық мөлшерлеме де соғұрлым төмен болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!