Ұшақ апаты: Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия халқына көңіл айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасының Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Lion Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туған-туысқандары мен жақындарына, сондай-ақ барша Индонезия халқына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастығымды білдіремін, — делінген жеделхатта.

Lion Air әуе компаниясының Boeing 737 жолаушылар ұшағы Индонезия астанасындағы әуежайдан көтерілгеннен кейін апатқа ұшыраған еді. Ұшақ 29 қазан күні жергілікті уақыт 06.20-да (Астана уақыты бойынша сағат 05.20) көкке көтерілгеннен кейін 10 минуттан соң радардан көрінбей кеткен. Boeing 737 Джакартадан Панкалпинанг қаласына рейс орындамақ болған.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, лайнер Ява теңізінің үстінде жоғалған. Ұшақта 189 адам болған: 181 жолаушы және экипаждың 8 мүшесі.