Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия халқына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Индонезия Республикасының президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасының Сулавеси аралында болған жер сілкінісі мен цунами салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

Достас Индонезия халқының орны толмас қайғысына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан Сізге және апат құрбандарының отбасылары мен туыстарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдіремін, — делінген жеделхатта.

Өткен жұма күні Индонезияның Палу қаласында магнитудасы 6,1-ге тең жойқын жер сілкінісі мен оның артын ала екі метрге дейін көтерілген цунами болған еді. Елдің Табиғи апаттар салдарын жою жөніндегі ұлттық басқармасының (BNPB) апат құрбандарының саны, соңғы мәлімет бойынша, 1200-ден асты. Тағы жүздеген адам жарақат алды.