Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органы «Кселл» АҚ-ның жағдайды асыра пайдалануына байланысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұялы байланыс операторының қызметіне тұтынушылардың бірі шағымданған. Оның шағымына қарағанда, «Кселл» АҚ «Алға-1» тарифтік жоспар бойынша интернетке қол жеткізу лимитінен асып түскеннен кейін тұтынушының теңгерімінен 30 мыңнан астам теңгені ұстап қалған және интернетке қол жеткізу үшін 1 Мб үшін 20 теңге тариф бойынша төлемақы алынатыны туралы тұтынушыға хабарламаған.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша «Кселл» АҚ әрекетінен Kcell тауар белгісі бойынша ұялы интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде абоненттердің заңды құқықтарына қысым жасайтын тарифтік жоспарлар шарттарын белгілеу (оның ішінде тарифтік жоспарларды мерзімінен бұрын қайта қосуда абонентте көрсетілетін қызметтердің бонустық топтамасы аяқталған кезде абоненттің мүмкіндігін шектей отырып, неғұрлым жоғары тарифтеуге өту туралы ақпаратты абоненттің назарына жеткізбеу, тарифтік жоспарлардың елеулі шарттары туралы абоненттерді тиісінше хабардар етпеу) түрінде жағдайды асыра пайдалану фактілері анықталды, — делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.
Тексеру қорытындысы бойынша «Кселл» компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жіберілді. Басым жағдайды теріс пайдаланғаны үшін оған монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің 5%-ы мөлшерiнде айыппұл салынады.
«Кселл» АҚ-ға Кәсіпкерлік кодекстің нормаларын бұзуды тоқтату, тұтынушыларға қаражатты қайтару және осы жағдайдың салдарын жою туралы нұсқау да берілді.