Еnbek.kz биржасы медицинадағы жұмыс берушілерді шақырады

Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығы медицина саласындағы жұмыс берушілерді еnbek.kz электрондық еңбек биржасына тартуды көздейді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуымен бірге әлеуметтік өмірге енетін жаңалықтар жұмыспен қамту саласындағы қатынастарды да жеңілдетуі керек.
 

Отандық медицинаның цифрландыруға көше бастағаны белгілі. Енді бұл үрдіспен бірге денсаулық сақтау саласындағы жұмыс берушілердің электрондық еңбек биржасына келуі оларды өте тиімді пайдалануға, сөйтіп, жұмыссыздықпен күрес мәселесін шешуге оң ықпалын тигізуі тиіс.

Жұмыспен қамту орталығының ғимаратында орталық басшысы Дәуірбек Әбуов медицина ұйымдарының басшыларымен осы мақсатта кездесті. Кездесуге шамамен 20 ұйымның өкілі, Орталық қалалық аурухананың, Кардиология орталығының және Денсаулық сақтау басқармасының жетекшілері қатысты. Медицина ұйымдары басшыларымен болған пікірлесу барысында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын түсіндіру жайы да талқыланды.

Айта кетейік, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту — «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінің жариялануына өзек болған мәселелердің бірі.