Басты бетТанымТабақ тарту...

Табақ тарту дәстүрі мен табақ түрлерін білеміз бе?

Табақ тарту тәртібі — мейманды күтудің үздік жолы. Қазақтың ет асып, оны мүшелеу және табақ тарту дәстүрінде көп мағына жатыр. Бұл дәстүрде әрбір жілік-мүшеге жіті назар аударылады. Қазанға түсетін мал етінің қиқымдалмауы, сүйегінің жаңқаланбауы тікелей қасапшыға байланысты. Сол себепті халқымыз «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деп етті мүшелеуге аса мән берген.

Табақ тарту тәртібі

Мал еті жартыға, ширекке, кейін жілікке бөлінеді. Ірі қара малда және қойда 12 жілік болады. Олар — екі жамбас, екі ортан жілік, екі асықты жілік, екі кәрі жілік, екі жауырын, екі тоқпан жілік. Қазақ қазанға жілік-мүшенің атауын атап салады. Табақ жасағанда да ет, жіліктер мен мүшелері орнымен салынып, дастарханға тартылады.

Қазақта табақтың негізгі төрт түрі бар. Дегенмен әр өңірде әртүрлі қалыптасқанына қарай басқа да түрлері кездеседі. Ақсақалға немесе құдаға берілетін бас бөлек кіші табақпен апарылады. Бұл дастархан басынан бастап, аяғына дейін ретімен тартылуына байланысты. Айта кету керек, бір дастарханға 12 жіліктің жартысы — алты жілік қана қойылады. Бас табақ төрдегі адамдарға, орта табақ төрден орын жетпеген, дегенмен сыйлы ер кісілерге тартылады. Сый табақ, негізгі қонақтардан кейін отырған, осы үйге ерекше сыйлы деп саналатын кісілер алдына қойылады. Аяқ табақ дастархан соңына қарай отырған, ауыл адамдарына, көрші-қолаңдарға немесе көмекші қыздарға, бала-шағаға дайындалады. Аяқ табаққа сыйлы табақтан қалған барлық ет пен мүше, ішек-қарындар салына береді.

Табақ түрлері

Бас табақ — төрден орын алатын негізгі табақ. Бас табақты кей өңірлерде «төр табақ» деп те атайды. Бас табақ жасы үлкен кісілерге, құдаларға, аса сыйлы меймандарға ұсынылады. Оған салынатын кәделі жіліктер мен мүшелер — бас, жамбас, орта жілік, белдеме, сүбе қабырға, жылқы етінен қазы-қарта, жал-жая және жөргем сияқты жылы-жұмсақ.

Қос табақ  — құда-құдағиларға тартылатын арнайы табақ. Қос табақ көпшілікке орта табақ атымен белгілі болуы мүмкін. Оның кәделі мүшелері бас табақпен пара-пар. Қос табақтың кәделі мүшесі — тоқпан жілік.

Сый табақ тартуды немесе оны мүлдем жасамауды үй иесі өзі шешеді. Бұл — құда-жекжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сыйлы адамдарға тартылатын табақ.

Жастар табағының ең кәделі мүшелері — асықты жілік пен төс. Асықты жілік көбіне күйеудің жолдасына немесе қыздың жеңгесіне ұсынылады. Ал күйеу балаға, әлбетте, төс тартылады. Жастар табағы «күйеу табақ» деген атпен де белгілі.

Төре табақтың орны да ерекше. Малдың 12 жілігі толық салынатын бұл табақ ерте заманда үлкен алқалы жиынға алты алаштан ат арылтып келген хандар мен зиялылар бас қосқан кездегі қонақасыда қойылған немесе шаңыраққа «Төре ұрпағынанмын» деп келген жалғыз қонаққа да арнайы тартылған. Төре табақты тартуды үй иелері өзара шешіп, одан сыбаға ретінде етті төре ұрпағы бет алып бара жатқан ауылға салып та жіберетін болған.

Құда табақтың кәделі мүшелері — бас, жамбас. Құдағи табаққа жақ, қарын, тоқішек, асықты жілік салынады.

Жеңге табақтың кәделі мүшелері — асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын, омыртқа, құйрық, өкпе және басқа да жылы-жұмсақ. Жеңге табақтың мүшелері беташар табақтың кәдесімен бірдей, табақтың екі түрлі аталуы өңірлік ерекшеліктерге байланысты болуы мүмкін. Сонымен бірге қыз табақ пен құрдас табақта тартылатын мүшелер бір. Мәселен, тоқпан жілік, омыртқа, сүбе, қабырға екі табаққа да тиесілі. Ал бала табаққа қабырға, бүйрек, бақай салынады.

***

Тағы оқыңыз:

Ірімшік қайнату тәсілдері — қазақта ғана бар технология