Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Астанада әлемдік шиеленістер бойынша келіссөз жүргізуді ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаев «Азия — Еуропа» форумының 12-саммитіне қатысып, әлемде қақтығыстардың көбеюі, санкция және сауда соғыстарының өршуі жағдайында халықаралық саясат шиеленістің шегіне жетіп отырғанын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Біз бүгінгі «Азия — Еуропа» форумының саммитін осы проблемаларды шешу үшін пайдалануымыз қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кезде әлем табысты диалог пен өзара түсіністікке қол жеткізе алмай келеді. Бәріміз өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Кариб дағдарысын еске салатын бүгінгі экономикалық және саяси текетірестерге куә болып отырмыз, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл саммит АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемнің ірі елдерін, Еуропа Одағын халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақыруы қажет екенін айтты.

Егер Сириядағы, Украинадағы және өзге де елдердегі проблемаларды реттемесек, ахуал одан да күрделене түседі. Баллистикалық ракеталардың таралу қаупі сейілмейінше, халықаралық терроризм басты мәселе болып қала бермек, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы жағдайдың күрделене түсуіне байланысты кейбір кедей мемлекеттердің ахуалы одан әрі қиындайтынын айтып, адамзат үшін оның елеулі қауіп-қатер саналатынын атап өтті.

Екінші Дүниежүзілік соғыс пен басқа да қақтығыстардан кейін мемлекеттер көшбасшылары тығыз ынтымақтасып, терроризммен күрес жүргізу ісінде ортақ шешімдер таба білді. Сондықтан мен барлық елді диалогқа шақырып, келіссөздер жүргізу үшін Астана алаңын пайдалануды ұсынамын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропадағы жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы тұруға бағытталған серіктестікке белсенді атсалысуға дайын екенін тағы да мәлімдеді.

Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті.

Назарбаев пен Юнкер
Нұрсұлтан Назарбаев пен Жан-Клод Юнкер. Фото: Аkorda.kz

Қазақстан Президенті кездесу барысында саммиттің дәстүрге сай жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Еуропалық комиссия төрағасын биылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысуға шақырды. Жан-Клод Юнкер «Азия — Еуропа» форумының саммитіне Қазақстан делегациясының және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің қатысуы маңызды екенін айтты.

2008 жылы Қазақстанға жасаған сапарым және әлемдегі тұрақтылық туралы әңгімеміз менің есімде. Біздің жиі кездесіп тұрғанымыз жөн, — деді Еуропалық комиссия төрағасы.

Тараптар халықаралық саясаттың күн тәртібін, соның ішінде жаһандық қауіпсіздік проблемаларын қарастырып, Еуразия экономикалық одағының Еуропа кеңесімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті саммит барысында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Кэцянмен, Ресей Федерациясының және Италия Республикасының премьер-министрлері Дмитрий Медведевпен және Джузеппе Контемен де кездесті.