Тарихи кездесу: Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмманюэль Макрон пікір алмасты

Нұрсұлтан Назарбаев «Азия — Еуропа» (АСЕМ) форумы ХІІ саммитінің ашылу рәсіміне келген соң Франция Республикасының президенті Эмманюэль Макронмен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 26 жыл толғанын және осы кезең ішінде қажетті бүкіл шарттық-құқықтық база қалыптасқанын айтты.

Бүгінгі кездесуіміздің арқасында Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Біздің елімізде Францияның ондаған компаниясы жұмыс істеп жатыр, өзара тауар айналымының көлемі 5 миллиард долларға жетуі мүмкін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмманюэль Макрон
Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмманюэль Макрон. Фото: Аkorda.kz

Эмманюэль Макрон Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңындағы осы кездесудің символдық мәні зор екенін атап өтті.

Президент мырза, Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Мен президенттік қызметке келгеннен бері алғаш рет жүздесіп отырмыз. Сізбен бірқатар мәселені талқылап, көзқарасыңызды білгім келеді, — деді Франция басшысы.

Өзара сенім жағдайында өткен кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті проблемалар жөнінде ашық пікір алмасты.