Қазіргі уақытта Сирия аумағында Қазақстанның 22 азаматы ресми түрде жүр, ҚР Сыртқы істер министрлігі құқық қорғау органдарымен бірге басқа қазақстандықтардың жүрген жерін анықтап жатыр.
Сирия мен басқа да шиеленіс нүктелеріндегі, соның ішіндегі Ирактағы Қазақстан азаматтарына қатысты Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жүргізіп, азаматтарымызды елге қайтару шараларын қолға алып жатқанын хабарлағым келеді. Біз оларды елге әкелудің барлық мүмкін амалын қарастырамыз, — деді ведомствоның баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров.
Баспасөз хатшысы Сирияда анықталған қазақстандық әйелдердің терроризмге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын еске салды.
Қазіргі уақытта консулдық қызмет департаментіне Сирия мен Ирактағы шиеленіс нүктелерінде жүрген азаматтар мен олардың туыстарынан 20-дан астам өтініш келіп түсті. Сирия аумағында қазір консулдық есепте тұрған 22 азаматымыздың барын ресми түрде айта аламын, олардың 21-і — Сирия азаматына күйеуге шыққан келіншек, біреуі — жұмыс бабымен барған ер азамат. Есепте тұрмаған қалғандары бойынша, өкінішке қарай, біз ақпаратты растай алмаймыз. Бірақ бұл мәселемен айналысып жатырмыз, — деді Смадияров.
Қазір сыртқы істер ведомствосы бұған дейін ақпарат құралдарында айтылған қазақстандық балаларды анықтаумен де айналысып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық жеті әйел мен 16 баланың сегіз ай бойы Сириядағы босқындарға арналған лагерьде жатқанын журналист Асхат Ниязов Facebook-те жазған еді.
Маған Сирияда өмір сүріп жатқан қазақстандықтар хабарласты. Олар көмек сұрайды. Түркиямен шекаралас аумақтағы босқындарға арналған лагерьде тұрып жатыр екен. Жатқандарына сегіз ай болыпты. Неге оларға Қазақстанға келуіне көмектеспеске? Әрине, оларды онда баруға ешкім итермелеген жоқ, бірақ олар күйеулерінің артынан барды. Күйеулерінің барлығы қаза болған. Енді олар не істемек? Бәлкім, соғысуға баратын шығар. Ал біздің қазақстандық балалар осындай жағдайда өмір сүруі керек пе? – деп жазды Ниязов.