Марат Сұлтанғазиев Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып тағайындалды

ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Үкімет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін осы қызметті атқарған Ардақ Теңгебаев берген өтініміне сәйкес лауазымынан босатылды.

Марат Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1997 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2010 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы бастаған. 1997-1999 жылдары Алматының Әуезов ауданы бойынша салық бөлімінің бірінші санаттағы маманы, салық инспекторы болып қызмет етті. 1999-2001 жылдары Алматы бойынша Салық комитетінің салық инспекторы, аға салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас маманның бас салық инспекторының міндетін атқарушы, 2001-2010 жылдары Алматы бойынша Салық комитетіндегі қызметін жалғастырып, салық департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

2010-2012 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерде еңбек етті. 2012-2014 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінің Әлеуметтік–экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі болды. 2014-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып қызмет етті. 2017 жылғы маусым айынан бастап бұл кезге дейін ҚР Президенті әкімшілігінің Әлеуметтік–экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымын атқарды.