Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі»,- деген болатын.
Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданында «Жомарт жүрек-2018» меценаттар форумы өтіп, онда ел-жұрттан қайырымдылығын аямаған атымтай азаматтар марапатталды. Форумда сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров ауданның дамуы және азаматтық белсенділікті нығайтуда бұл шараның маңызы зор екенін атап өтті.
Бүгінде бизнес қауымдастық туған жерге, өздері өсіп-өнген өлкеге қамқорлық танытуы керек. Қуаныштысы – мұндай игі бастамалар ауданымызда көптеп қолға алынып, сәтті жүзеге асырылып жатыр. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде балалар алаңын салу, киелі жерлерді қалпына келтіру секілді ауқымды жобалар қолға алына бастады. Мен алдағы уақытта бұл игі жобаға қатысушылар саны көбейетініне сенімдімін, — деді аудан басшысы.
Аудан әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік танытқан, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға қолұшын созған қайырымды жандарды бірнеше аталымдар бойынша «Жомарт жүрек-2018» сыйлығымен марапаттады. Лауреаттардың арасында «Жыл меценаты» аталымы бойынша Мұрат Жәкібаевқа, «Туған өлке» аталымы бойынша Ақсерік Әйтімовке, Жомарт Даркеевке, Бауыржан Сакпиреевке, «Қайырымды жан» аталымы бойынша Әзілхан Арыстановқа, «Алтын ұя» аталымы бойынша Юрий Романенкоға, «Жүректен жүрекке» аталымы бойынша Нұрлан Бужумовқа, Иван Енютинге, Абузар Джафаровқа марапат тапсырылды.
Салтанатты шарада республикалық «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, елімізге танымал ғалым, жерлесіміз Ақсерік Әйтімов сөз алып, туған жерді қадір тұту турасындағы келелі ойларын ортаға салды.
Әр адамға кір жуып, кіндік кескен топырағы аса қымбат. Ұядан ұшып, қанаттанып кеткен мұзбалақтың өз шыңына бір оралатыны сияқты, ауылдан түлеген біздер де бүгін атамекенімізге келіп тұрмыз. Жетістігіне бірге қуанып, олқы тұсын бірге бүтіндеу қасиетті борышымыз, парызымыз, — деді Ақсерік Әйтімов.