Қырымбек Көшербаев зілтемірші Александр Зайчиковке темір тұлпар мінгізді

Қызылордалық жастар Александрдың құрметіне әуежайға жиналып, ыстық ықыластарына бөледі. Мұнан соң Рио Олимпиадасының жүлдегерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

«Олимпиадада сен тек зілтемірді көтеріп қана қойған жоқсың, бүкіл қазақстандықтардың рухын асқақтаттың. Александрдың келесі медалі алтын болатынына сенемін. Біз Александрдың алдағы жарыстарға, әсіресе Токиода өтетін Олимпиадаға дайындығы үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Сонымен қатар, батыр ұлды тәрбиелеп, өсірген анасына зор алғыс айтамыз», – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта зілтеміршілерді дайындау үшін Қызылордада халықаралық талаптарға сай ауыр атлетика орталығы салынатындығын жеткізді.

«Мен барлық қазақстандықтарға, әсіресе жерлестеріме үлкен алғысымды айтамын. Риода жүріп, олардың қолдауын сезіндім. Қызылордалықтар таңғы 4-те жиналып, менің өнерімді тамашалағандарын білемін. Сіздердің қолдауларыңыз маған күш берді», – дейді Александр Зайчиков.

Александрдың анасы мен бапкері де барша қолдау көрсеткен қазақстандықтарға, жерлестеріне алғыстарын айтты.

Мұнан соң аймақ басшысы Александрға «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің кілтін табыстап, бапкеріне 5 млн. теңгенің сертификатын тапсырды.

Облыс әкімімен кездесуден кейін Александр орталық алаңда өзінің жанкүйерлерімен кездесті.

ДереккөзҚазАқпарат