Мипалау — бас табақ әзірленген күнгі жеңсік ас

Заман алмасып, ұрпақ жаңарған сайын ұлттық тағамдардың кейбірі де күнделікті дастарханнан сирек көрінетін болып бара жатыр. Соның бірі — мипалау.

Ол – малдың миынан әзірленетін сұйық тағам. Дастархандағы мүжіліп болған бастың миы алынып, оған бауыр, құйрықмай, бас құйқасы әбден араластырылады. Бұған қымыз, айран немесе тұзды сүзбе қосып, майлы сорпа құйса, мипалаудың дәмі де, маңызы да арта түседі.

Семіз ет жеп отырған қонақтарға мипалау жасап ұсыну – қазақы қонақжайлықтың  тамаша үлгісі. Мипалауды ортаға үлкендеу, терең ыдысқа құйып, ішіне бірнеше қасық салып қояды, одан әуелі үлкен кісілер ауыз тиеді.

Мипалауға жамбастың етек майын ұсақтап турап қосуға да болады. Сонымен бірге кей өңірлерде сарымсағы бар тұздық құйылады. Ми, май мен тұздық жақсылап араластырылып, қонаққа ұсынылады.

Бүгінде аспаздар мипалау жасаудың рецептін жақсы біледі. Көп мейрамханада оны ми, тіл, бауыр, құйрық, пияз, қарабұрыш, тұз, сорпа, аскөк қосып әзірлеп жүр. Бұрынғы рецепт өзгеріске ұшыраған.