7kun.kz — қаржы, экономика, бизнес тақырыбында жаңалықтар жазатын жалғыз қазақша сайт. Qazaq Media Group директоры Ербол Азанбек мұндай сайт ашуға не түрткі болғанын айтты.
7kun.kz сайтын ашуым 2013 жылдан бастап банк саласында жұмыс істеуіме тікелей байланысты. Банк саласына жұмысқа келгенімде қазақ тілінде қаржы саласы бойынша ақпараттың аз екенін байқадым. Қоғамға БАҚ арқылы тараған ақпараттың көбі — не жарнама, не банктерге қатысты атышулы оқиғалар. Нәтижесінде қазақ қоғамы қаржы саласы туралы ақпаратқа зәру болып қалған. Өте қарапайым сұраққа жауап алу үшін бір қарияның 300 шақырым жерден Алматыға арнайы келгенін де көрдік. «Ата, осыны интернеттен оқып алсаңыз да, болады ғой»,- десем, «Балам, қазақша ақпарат таппадық», — деді. «Біздің елде қаржы тақырыбы қазақ тілінде неге жазылмайды, салалық журналистика неге жоқ?»,- деген сұрақтар жарты жылдай мазалап жүрді. Бұрын 1-2 газет, сайт болған. Іскерлік тақырыпты көбірек көтеру туралы БАҚ басшыларымен, журналистермен сөйлестім. Әртүрлі себеп айтылды. Сол кезде біреу өзгертер, күтейін деген ой болды. Кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне сабақ беруге шақырды. Сол кезде жас журналистерді осы тақырыпқа баулуды ойладым. Бірнеше студентті іскерлік тақырыпта жазуға бағыттап жүрдім. Бірақ теория аз болды. Тәжірибе болсын деп кей БАҚ-тың редакциясына сол жастарды жұмысқа алу туралы өтініш білдірдім. Бірақ әртүрлі себеппен көпшілігі бас тартты.
Содан соң «Іскерлік тақырыпта жазатын сайтты неге өзім ашпаймын?, — деген ой келді. Бұған дейін ақпарат агенттігінде тілші, ірі корпорацияның интернет жобаларының бас редакторы болдым, банк саласында жұмыс істеймін. Маман болуға дайын студенттерім бар. Осылайша 7kun.kz ашылды. Тек іскерлік тақырыпта жазамыз және тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа алып, үйретеміз деген мақсат қойдық. Бұл арқылы қазақ тілінде іскерлік тақырыпта контент жасайтын журналистердің ортасын қалыптастырғым келеді. Әрі қарай қоғамның қаржылық сауатының артуына ықпал ете алсақ, мақсаттың толық орындалғаны.
Бірақ әзірге ойдағының 4-5%-ы ғана жүзеге асты. Бастысы — Қазнетте іскерлік тақырыпта қазақ тілінде жазатын жеке ресурс жұмыс істей бастады. Болашақта 7kun.kz-ті қаржы өнімдерін ұсынып, сата алатын әмбебап порталға жеткізгім келеді. Бірақ тек қазақ аудиториясына бағытталған медиабизнестің монетизациясы қиын. Қазір сауатты, оқырманға түсінікті контент ұсыну деген мақсатқа жету керек болып тұр.
Massaget.kz — жастарға арналған танымдық портал. Бас редакторы Ербол Молдажан сайттың құрылуы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Massaget.kz сайтының тарихы 2011 жылдан басталады. 7 жыл бұрын Қазнетте сайттар, оның ішінде төл тілімізде ақпарат тарататын сайттар саусақпен санарлық еді. Massaget-тің құрылуына түрткі болған — Alash Media Group холдингінің директоры Батыр Қазыбаев. Сол кездегі БАҚ-тың жай-күйін жақсы білген ол таза қазақ жастарына арналған сайт ашу керек деген шешімге келген. Идеяны жүзеге асыру үшін арнайы команда жинап, ойын-сауық, танымдық деп бағытын айқындаған. Қазақтілді қауымға алғашқы мақаласын тура Тәуелсіздік күні жариялауының да өзіндік мәні бар. Алғашында көптеген қиындық болғаны белгілі. Аудиторияны зерттеп, интернет форматты түсінгеннен кейін көш басындағы сайттарға ілесіп кетті. Massaget-тің алдыңғы шептегі сайттардың қатарына қосылуына «Блог», «Форум» бөлімдері әсер етті. Ол кезде әлеуметтік желілер қазіргідей дамымаған еді. Жастарға өз ойын бөлісетін алаң, орта керек болды. Ондай мүмкіндікті Massaget берді. Бір-бірімен жарыса жазып, қаламдарын ұштады, өз оқырмандарын тапты. Қазіргі жас журналистердің ішінде Massaget-ке блог жазбағандары кемде-кем. Кейбіреулер порталымызды әлі де блог-платформа деп ойлайды. Біз блог-платформа емеспіз, бірақ «Блог» – сайттың бір қанаты. Қазір порталымызда 30 мыңға жуық блог қоры бар.
Танымдық бағыт – Massaget-тің тірегі. Сайтта бүгінде 60 000-ға жуық материал болса, оның 90%-ы — танымдық. Танымдық мақаланың ерекшелігі — ол жаңалық сияқты ескірмейді, ондаған жылдан кейін де өзектілігін жоғалтпайды. Бізде бүгін жарияланған материалдан гөрі бұрынғы жазбалар көбірек оқылады. Сондықтан жақын арада бағыты өзгереді деп ойламаймын. Ал материалды беру тәсілін уақыт талабына сай өзгертіп отыруды дұрыс деп есептеймін. Мен Massaget-ке 2014 жылдың қазан айында контент-менеджер қызметіне орналастым. Сайтқа смартфон арқылы кіретін оқырмандардың үлес салмағы артқандықтан мобильдік құрылғыларға икемдеу керек болды. Осылай сайттың жаңа дизайндағы адаптив нұсқасы дүниеге келді.
Түбегейлі өзгеріс жасадым деп айта алмаймын. Бірінші кезекте, доменнен кейін жазылатын «ойын-сауық» сөзін «жастарға» ауыстырдық. Қазір Massaget жастар порталы деп аталады. Өйткені сайтымыздағы ойын-сауықтан гөрі танымдық мақалалардың саны да, сапасы да артты. Конкурс арқылы жаңаша ойлайтын, жас журналистермен қатарымыз толықты. Мақала сапасын арттырып, авторлық жазбаларды көбейтуге қадамдар жасалды. Қазіргі оқырман, әсіресе, жастар оқудан гөрі дайын видео көргенді жақсы көреді. Сайтымыздағы «Айна» жобасын Қазнет зор ықыласпен қарсы алды. Бұл тізімді Interview, «Біліп жүріңіз», «Техно шолу» жобаларымен толықтыруға болады. Сапалы контентті тұрақты оқырмандарымыздан да басқа адамдарға көрсету үшін, «Жұлдыз FM» радиосымен тығыз байланыс орнаттық. Аптасына 3 рет «Таңғы шоу» бағдарламасында Massaget жаңалықтарымен бөлісеміз. Байланыстың нәтижесі көңіл қуантарлықтай: аудитория алмасып, оқырмандарымызды көбейттік. Сайт логотипіне редизайн жасадық. Қазір ребрендингті қолға алып, сайттың жаңа концепциясын дайындап жатырмыз.
Baribar.kz — мультимедиалық контент дайындайтын, көпсалалы сайт. Порталдың негізін қалаушы Ербол Серікбай ресурстың «Сұрақ-жауап» платформасынан ақпараттық-танымдық бағыттағы прогрессив сайтқа қалай көшкенін айтып берді.
Baribar.kz алғаш «Сұрақ-жауап» болып құрылған кезінен бастап тұңғыш балам сияқты. Бүгінге дейін бірге өсіп, дамып келеміз. Сайт істен шығып, жұмысы тоқырай бастаса, менің жаныма батады.
«Сұрақ-жауаптың» оқырманы 100 000-ға жеткенде толық сайтқа, интернет порталға айналуға дайын екенін сездім. Оқырман тарапынан сұраныс бар екенін көріп, «Сұрақ-жауапты» үлкен порталға айналдыруды көздедім. Осылайша 2016 жылы «Сұрақ-жауап» Baribar.kz сайты болып жаңарды. Дегенмен сайттың «Сұрақ-жауап» айдары әлі де белсенді жұмыс істейді. Ол жердегі сұрақтар біздің тың тақырыптар мен өзекті проблемаларды қозғауымызға түрткі болып отыр.
Халық «сары басылымды» ұнатады, теледидарда жантүршігерлік жаңалықтарды көрсетеді. Осыларды көре келе мен сапалы әрі оқырманға қызық контент ұсынғым келді. Редакцияма журналистерді журналистика факультеттерінен іздедім. Сайт жаңадан құрылғанда тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмысқа алып, практикалық жағынан өсуіне мүмкіндік болғанын қаладым.
Сайт басшылары қазақ интернетін дамыту жөнінде
Ербол Азанбек
Қазнетке жетіспейтіні — сауатты, әртүрлі тақырыптағы контент. Қазнетке қазіргі нарық талабына сәйкес келетін маман керек. Ақпаратты жедел алып, тез өңдеп, тексеріп, әртүрлі мультимедиалық құралдардың көмегімен сауатты түрлендіріп, таратып, оны жарнамалап, сата алатын журналист, ІТ, жарнама бойынша мамандар, медиаменеджер, SEO, SMM бойынша мамандар, аналитиктер, маркетологтар аз. Сайтты ашып, қаржы салумен қатар маңыздысы — сауатты команда құру, жақсы контент жасау, оқырман тарту, өнімді сату. Бұған бір адамның білімі аз болады. Қазнетке жетіспейтіні — журналистік этика, стандарт. Бізде авторлық құқық тиісінше сақталмайды, фактчекинг қолға алынбай жатыр. Нарықта ретсіздік, жабайылық бар. Қаржы салып, маман алып, өте сауатты өнім ұсынғың келеді. Бірақ ол санаулы адамға ғана ұнайды.
Біздің оқырман жеңіл оқылатын, көңіл көтеретін әлеуметтік желінің контентін ұнатады. Сайттар амалсыздан сол талапқа бейімделіп, «өмір сүруге» мәжбүр. Бұл жаңа қалыптасып келе жатқан нарыққа тән нәрсе деп өзімізді жұбатамыз. Нарықтағылар өзіміз үйреніп, түзелуге, түзеуге тырыспасақ, бізге ешкім үйретпейді. Қазір жақсы жобалар бар, әрі бәсекелестік, кәсібилікке ұмтылу пайда бола бастады. Біз 7kun.kz-ті осы талапқа сай жасау үшін оқуға, үйренуге, жақсы медиажоба жасауға тырысамыз. Қазнеттегі көп сайттың алдағы 5 жылдағы межесі шамамен осындай шығар.
Ербол Молдажан
Қазіргі тенденцияларға қарасақ, келешекте видеоконтент көбейеді. Cisco-ның болжауынша, 2020 жылы интернет трафиктің 90%-ы видеоконтентке тиесілі болады. Nielsen компаниясының зерттеуіне сүйенсек, 2016 жылдың бірінші тоқсанында 18-34 жас аралығындағы адамдардың бір аптада қараған әртүрлі видеосының ұзақтығы 30 сағатқа жеткен. Телеарна 21 сағатпен артта қалған. Massaget аудиториясының 50%-ын аталған жас аралығындағы оқырмандар құрайтынын ескерсек, бізге әлі көп жұмыс істеу керек. Жалпы медиа саласындағы барлық әріптесімді сапалы видеоконтент жасауға шақырамын. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы ауылдарға интернет таратылып, екі миллионнан астам халық жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Таза қазақтілді бұл аудиторияны қарсы алу үшін қазірден бастап қор жинау керек.
Түрлі интерактив сервистер мен салалық сайттар саны артады. Өкінішке қарай, интернеттегі материалдардың мағыналық салмағы жеңілдеп бара жатқанына қарап, ойын-сауық материалдары да көбейетін сияқты. Интернет адамның бар қажетіне жарап тұр. Тіпті, керек ақпаратты оқымай-ақ, аудионұсқасын тыңдай салатын деңгейге жақындап келеміз. Аудиоподкаст жасауды Қазнетте кей интернет басылым бастап та кетті. Бірақ мұның барлығын келешекте жасанды сана атқарады деп сенемін. Олай дейтінім, батыс басылымдарының біршамасы мұны пайдаланып жүр. Мысалы, YouTube желісінен бір тақырыпта видео іздесеңіз, келесі жолы да сізге сол тақырыпқа қатысты контент ұсынып тұрады. Келешекте веб деген қалып, барлығы тікелей диалог арқылы жүзеге асатын бағдарламалық интерфейске айналатындай көрінеді. Бірақ бұл бүгін-ертең орындалатын дүние емес.
Келешекте сапа, жылдамдық пен жұмыс ыңғайлылығы артарына сенемін. Бастысы, оқырмандарымыз не іздесе де, жауап таба алатындай Қазнет сапалы контентке толы болса, «қазақша ақпарат жоқ» деген сөз естімесек екен. Қазіргі таңда Қазнетке сараптама, шолу, зерттеу мақала жетіспейді. Қазақ тілінде инфографика, жалпы мультимедиалық жобалар аз. Көзге көп болып көрінуі мүмкін, бірақ Қазнеттегі аудиторияны бұл қанағаттандырмайды. Сараптама жайлы айттым, расында, бізде сараптамалық мақала дайындайтын салалық журналистер аз. Бір журналистің бірнеше сала бойынша ақпарат жаза беретіні бар. Кейде ол саладан хабары болмай, қате жазып, терминдерден шатасуы осындайда болады. Терминді қойшы, тұлғаларды шатастырып, тіпті, «тірідей өлтіріп» жатамыз. Газет-журналдардағыдай интернет басылымдарда да өз саласы бойынша жазатын тілшілер болғаны абзал. Әдебиет, кино, музыкадағыдай сын журналистикада да дамуы тиіс. Әр редакцияның ақпаратты қалай бергеніне ирония мен шын сын айта алатын медиасыншылар керек. Жекелей бар ғой, бірақ қалыптасқан орта жоқ. Бізде сайттың оқырмандар үшін ыңғайлы болуына жауапты юзабилити мамандар жетіспейді. Бұл да — бір кемшілігіміз. Қазнетте қазақтілді сайттар көп болғанымен бәсеке аз. Тағы бір ақиқатына келсек, Қазнетке сауат пен тереңдік, идея жетіспейді. Ал идея ХХІ ғасырдың бір валютасына айналып үлгерді.
Ербол Серікбай
Ауылдарға интернеттің жылдам баруына байланысты желінің қазақша оқитын қолданушылардың қатары күн сайын артып келеді. Қазір адамдар «сары басылымнан» жалыға бастады, осыдан соң олар сапалы контент тұтынғысы келеді. Ал Baribar.kz соңғы мультимедиалық мүмкіндіктерді қолдана отырып, тек сапалы контент ұсынуды қолға алады. Әсіресе, халыққа қажетті картотека, тест, және тағы басқа айдарларымыз — мақсатқа жету жолында дайындалып келе жатқан дүниелер. Алдағы уақытта сайт интернет-брокерлер сияқты мамандармен де жұмыс істеп, өзге де оңай сервис ұсынатын жоба болады. Оның ішінде, онлайн сауда, жарнама алаңы сияқты қажетті қызметтерді ұсынатын контент дайындау жоспарда бар.
Мен әлеуметтік желі контентін құптамаймын. Себебі олар қазір өте көп, сондықтан олармен бәсекелес болудың, екінші велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз — сапалы, халыққа пайдалы әрі қызық контент ұсыну.
Болашақта ақпараттың дереккөзін барынша зерттеп, фактчекинг тұрғысынан жұмыс істейміз, соған келе жатырмыз. Сонымен қатар жылдам ашылатын АМР беттерін қосу ойда жүр. Негізі біз ақырындап видеоконтентке ауыспақпыз. Оқырманға текст оқып отырғаннан гөрі видео көрген ұнайды. Болашақта оқырманға қысқа уақытта көп мағлұмат бере алатын видеолар ұсынамыз. Қазнеттің өзгеруіне, алға қарай дамуына қосар үлесіміз осы болар. Әр сайт өзінше еңбек етсе, Қазнет әрдайым бірінші.
Қазнеттегі «Ерболдар» уақытты қалай тиімді пайдаланады?
Ербол Азанбек
Жұмыс күнін міндетті түрде жоспарлаймын. Өйткені негізгі жұмысым бөлшек нарықта жылдам дамып, өсіп келе жатқан, 5 миллионнан астам клиенті бар инновациялық банкте. Мұндағы жұмыс жылдам әрі заманға сай болуды талап етеді. Жұмысым БАҚ-пен байланысты болғанымен банк клиенттері үшін де қызмет көрсетіп кететін кезіміз көп. Телефоным күні-түні тыным таппайды. Мұнымен қоса, 7kun.kz, Іскерлік журналистика мектебі, PR саласында қызмет көрсететін шағын компаниям бар, қоғамдық жұмыстармен де айналысамын. Кейде дәріс оқуға, медиажобаларға қатысуға шақырады. Арасында әріптестер, достармен де кездесіп, кеңес алу маңызды. Отбасым, екі ұлым да кешке үйде күтіп отырады. Оларға міндетті түрде уақыт табуым керек. Сондықтан жұмыс компьютерім мен ұялы телефонымда кесте тұрады. Бірақ бәрібір ойдағы мақсатты қуып жету мүмкін болмай тұр. Супер таймменеджменттің адамы болу әлі қолымнан келе қойған жоқ. Жоғарыдағылардың бәрімен қатар денсаулық та маңызды. Соған көңіл бөле алмай жүрмін. Елімізден алған тәжірибем аздық етеді, алдағы уақытта шетелде білімімді жетілдірсем деген жоспарым бар.
Күнделікті жұмыс адамға тәжірибе бергенімен өсуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан қол қалт етсе, өзім жұмыс істейтін салалар туралы жаңалық, мақалалар мен сұхбаттар оқимын. Негізгі көмекшім -телефон мен интернет. Уақыт табылып жатса, тұлғалық өсу, PR, маркетинг, коммуникациялар мен медиаға қатысты кітаптар оқимын. Соңғы кезде тіл байлығымды, жазу машығымды дамыту үшін көркем әдебиетті оқуды қайта бастадым. Шерхан Мұртаза атамыз қайтыс болған күні сол кісінің кітаптарын қайта оқып шығуға кірістім. Ал дәл қазір «Магия утра» деген кітапті оқып отырмын. Айтпақшы, қазір әріптес достарымызбен Максим Ильяхов пен Людмила Сарычеваның «Пиши, сокращай» атты кітабын қазақшаға аударып жатырмыз. Әлімжан есімді әріптесім осы кітапты қазақшаға аудару жобасын іске қоспақшы, біз ерікті түрде көмектеспекпіз. Ал теледидарды сирек көремін. Соңғы рет көрген телехикаям «Скандал» деп аталады.
Ербол Молдажан
Әр апта алдында жоспар құрамын. Күтпеген қоңырау мен кездесудің әсерінен басқа шаруалармен айналысып кететінім болмаса, негізінен сол реттілікті сақтауға тырысамын. Әріптесім Жолдас Өрісбайдың бір сөзі есіме түсіп кетті: «Massaget — өз-өзіңді дамытуға таптырмас орта. Бір мақала жазу үшін біршама дүние оқисың, ізденесің. Білім алғаның үшін саған тағы ақша төлейді», — деген еді. Расында, оқырмандармен бірге өзіміздің де таным көкжиегіміз кеңейіп жатқанын байқамаймыз. Өз-өзіңді жетілдіру – бүгінгі заманның басты талабы. Алға жылжымасаң, артқа сырғитының да ақиқат. Жұмысым интернетпен тікелей байланысты. Дұрыс пайдалана білсең, бүкіл ілім-ғылым бір интернетке сыйып тұр.
Өзімді «кітап кеміргіштердің» қатарына жатқызбаймын. Бірақ 25 жасымда адамды оқыған кітаптар мен кездескен тұлғалар өзгертеді деген сөздің дұрыстығына көзім жетті. Мен кітапты іздемеймін, қызық кітап мені өзі тауып алады». Қазір «Почему одни страны богатые, а другие бедные» (Дарон Аджемоглу, Джеймс А.Робинсон) деген кітапты оқып жатырмын. Ерекше әсер еткен сериал — «Тар Заман». Жаңа тарихи деректерді сөйлеткен сериалды әр қазақ көруі тиіс деп есептеймін. Соңғы көрген сериалым — «Карточный домик». Мемлекетті басқару мен саясатқа қызығатын жандарды бейжай қалдырмайтынына сенімдімін.
Порталдағы жұмысымнан бөлек, Тarlan интеллектуалдық клубының мүшесімін. Мұндағы ниеттес, пікірлес жігіттермен жолдас болғаныма бір жылдай уақыт болды. Бір-бірімізді қамшылап, алға сүйреп келеміз. Әр санын асыға күтетін телебағдарламам – Дархан Әбдіктің «Парасат майданы».
Ербол Серікбай
Мен жұмыс жоспарымды Todoist қосымшасы арқылы тиімді басқара аламын. Ал өзімді үнемі жетілдіріп отыру үшін тренингтерге барамын деп немесе тағы басқа нәрсемен айналысамын деп айта алмаймын. Көбіне өз салама қатысты ақпараттарды Vc.ru сайтынан оқимын. Онда шыққан әр материалды қарап, соңғы тенденциялар мен техникалық мүмкіндіктерді өз жобамда мейлінше тез қолдануға тырысамын. Өзімді жетілдірудегі басты құралым да, кітабым да — осы сайт. TEDx және YouТube сайттарынан өзім сияқты жетістікке жеткен адамдардың өмірін, тәжірибесін, жүріп өткен жолдарын қараймын. Өзіме қажеттісін түртіп алып, өмірде қолдануға тырысамын.
Уақытты тиімді жұмсау — өте өзекті тақырып. Күн өткен сайын бірнеше іске үлгеру де қиындап барады. Жұмысты уақытында істеу керек, отбасына да көңіл бөлу керек. Кітапты көп оқи бермеймін. Сериалдарды арасында миымды тынықтыру, ойымды бөлу мақсатында көремін. Ғылыми фантастика жанрындағы сериалдарды ұнатамын.