Режиссер өз туындысын лифттегі хикаялар туралы белгілі шетелдік фильмдерге ұқсатпауға тырысқан. Картинаның өзіндік сюжет желісі мен ойы бар.

Сюжет 2 кейіпкердің оқиғасына құрылған. Басты рольде Жандос Айбасов (Тимур) пен Ісбек Әбілмәжінов (Асқар) ойнайды.

Фильм өзге отандық туындыларда жиі кездесетін ақырын қимылмен басталады. Сол себепті алғашқы 10 минуты іш пыстырады.

Оқиға желісі шынайы өмірдегі қалыптан ауытқымайды. Көрермен «Ой, мынадай болуы мүмкін емес қой» деген ойда болмайды. Киноға келген, әсіресе, эмоцияға берілгіш адам өз өмірінде болып жатқан оқиғаларды көріп, фильмнен кейін біразға дейін ойланып жүруі мүмкін. Көрерменді терең ойға батыру жағынан фильм ұтып тұр, бірақ бір кемшілікті атап өтейік.

Асқар 62 жастағы қарт. Бұралаң тағдырлы ақсақал белді компанияға күзетші болып жұмысқа тұрады. Ал Тимур — сол компанияның басшысының ұлы. Жұма күні кешке Асқар қарт күзетте бір өзі болады. Үлкен компанияның үлкен ғимаратында бір ғана күзетшінің болуын сценарийдің бір олқылығы демеске лаж жоқ.

Триллер сюжеті бірқалыпты баяндалып келе жатады да, соңына келгенде көрерменнің үмітін үзеді. Режиссердың фильм соңында шынайы өмірді көрсеткісі келгені түсінікті. Алайда бәрін құрбан етпей, шынайы әрі көрерменге үміт сыйлар оқиғамен фильмді әдемі аяқтауға Нұртас Адамбайдың режиссерлық шеберлігі жетеді деп ойлаймын.

Фильм сценарийін режиссер өзі жазған. Қазақша-орысша аралас түсірілген туындыда әр кейіпкер өз тілінде сөйлейді, яғни қарт кісінің оқиғаны жеткізуі, бай баласы Тимурдың сөзге шорқақтығы — өмірдегідей.

Ал фильмнің композиторы музыка жазуда бас қатырмапты деуге болады. Көрерменге сюжет әсерлі болуы үшін интригаға толы әуендер жетіспеді.

Жалпы алғанда «Лифт» фильмін басқа отандық туындылармен салыстырғанда ерекше атап өтуге болады.

Еске сала кетейік, бұл фильм ақпан айында Алматыда түсірілген. Көбіне комедия түсіретін режиссер бұл жолы елімізде жиі кездесетін проблемаларды қамти алған. Ол фильмді өзінің биыл өмірден өткен досы, актер Бауыржан Оралбековке арнады.