Алматы үйлеріне алдағы дүйсенбіде жылу беріледі

Алматы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша қаладағы жылу маусымы 2018 жылдың 15 қазанынан басталады. Әлеуметтік объектілер, оның ішінде мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылу желісіне 12 қазаннан бастап қосылады. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, жаңа жылу маусымына дайындық жұмысының барлығы белгіленген кестеге сай жүріп жатыр.

Қаланың жылу-энергия кешендері алдағы жылу маусымына 100% дайын, — делінген хабарламада.

Биыл Алматыда 12 шақырым жылу желісі, 23 шақырым электр желісі, 283 шақырым су құбыры мен 267 шақырым кәріз желісі қайта жасалды.

Еске салайық, бұған дейін 4 қазанда Астанадағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу берілгенін хабарлаған едік.