Нью-Йорктегі инвестициялық конференция аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және оның орынбасары Лю Чжэньминмен кездесті.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесулерде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, БҰҰ-ның резидент-үйлестіруші жүйесін реформалау және электрондық үкіметті дамыту туралы айтылды.
БҰҰ басшылығымен әңгімелесу кезінде Асқар Жұмағалиев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы туралы айтып берді. Бағдарлама инфрақұрылымды, адам капиталын, электрондық үкіметті, цифрлық экономиканы және инновациялық экожүйені құруды дамытуға бағытталған. Вице-премьер бұл Бағдарлама тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін құралдардың бірі екенін де айтты.
Бас хатшы Антонио Гутерриш Қазақстан мен БҰҰ арасындағы электрондық үкіметті дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасу мүмкіндігін қарастыруға ниет білдірді. Бас хатшының орынбасары Лю Чжэньмин БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті (ЭӘМД) Қазақстанмен ынтымақтастықта жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық мәселе бойынша жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді. Еске сала кетейік, БҰҰ рейтингісінде Қазақстан электрондық үкіметті дамыту тұрғысынан әлемнің 193 елінің арасында 39-орынға ие.