Қазан айының алғашқы жексенбісі – әркімнің болашақта үлкен тұлға болып қалыптасуына әсер еткен, арманға жетелеп, білім берген ұстаздардың төл мерекесі. Мұғалімнің үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесі әр баланың есінде өзінше құнды естеліктер боп қалғаны сөзсіз.

Майра Ілиясова
Фото: Аслан Мусенов

Майра Ілиясова, ҚР еңбек сіңірген артисі:

Ұстаздар күні – үлкен мереке. Шәкірттің жақсы болуы, танымал адам болуы, өмірден өз орнын алуы ұстаздан. Кішкентай кезімдегі ең алғашқы ұстазымды “Ата мұғалім” дейтінбіз. Мұрты бар үлкен кісі болатын, “Ата мұғалім” деп атауымның себебі де сондықтан шығар. Ол үнемі күліп жүретін. Бәрімізге ұстазымыз емес, әкеміздей еді. Ол кезде мен 6 жаста ғана болғандықтан “Ата мұғалімімнің” аты-жөні мен қанша сабақ бергені есімде жоқ. Бірақ бір жағдайды әлі ұмытпаппын. Баяғыда жаз кезінде мектептің ауласында бәріміз қол ұстасып, ән айтатынбыз. Сонда жоғары сынып оқушылары келіп, бізге қарап күліп тұратын. Біз неге екенін түсінбейтінбіз басында. Сөйтсе, ол кісі бәрімізге махаббат туралы ән айтқызады екен. Ал біз кішкентаймыз. Сол кезде Бекенжан Мақаевтың әндерін, ылғи махаббат туралы айтатынымыз есімде.

Есімде қалған тағы бір ұстазым – қазақ тілінен де, орыс тілінен де сабақ берген Шолпан Нұрғазиева. Ол кісінің сабаққа алғырлығы, балаларды үйіріп алып кететіні соншалық, орыс тілінен диктантты бірде-бір қатесіз жазатынбыз. Ол кезде арамыз – бір жас, әпкеммен мектепке бірге баратынбыз. Өзіміз орыс көрмедік, арамызда бір орыс жоқ, бірақ сол кісінің үйреткен білімінің пайдасын әлі күнге дейін көріп жатырмыз.

Мен Семейдің Тарбағатай ауданындағы мектепті бітірдім. Ондағы тағы бір есімде қалған – 6-10-сыныпта берген сынып жетекшім, физика пәнінің мұғалімі – Бижамал Жетпісбаева. Өте қатал кісі еді. Одан қорқып сабағына ерекше дайындалып келетінбіз. Өзі де белі қылдай, әдемі киінетін, ақсары сұлу болатын. Тіп-тік жүріс-тұрысы, киім-киісі нағыз мұғалімнің үлгісі боп қалды есімде. Қазір ол Семейде деп айтады, алайда бітіргелі хабарласпадық. Көріскім келеді, бірақ телефонын да білмеймін.

Гүлназ Ауданбаева
Фото: Жеке мұрағаттан

Гүлназ Ауданбаева, тележүргізуші:

Өміріме оң әсер еткен ұстазым – менің анам Нұрила Құлманова. Ол менің 5-9-сыныптарда сынып жетекшім әрі орыс тілінен мұғалімім болды. Мен 10,11-сынып оқып жүргенде ол денсаулығына байланысты төсек тартып жатып қалды. Ал мектеп бітірген кездімде өмірден өтті. Менің анам өте әділ мұғалім еді. Сабақта маған жиі ұрысатын. Бірде қыздармен сабақ үстінде хат жазысып отырған кезімде маған бір хат келеді. Оны анам көріп қойып, мені сыныптан шығарып жіберген. Ал хатты жіберген қызға үндемеді. Мені шығарып жібергеніне жылағым келіп, бұлданып, анама іштей ренжіп жүретінмін сол кезде. Себебі әділетсіз деп ойлайтынмын. Кейін өсе келе мұның нағыз әділеттілік пен тәрбие екенін түсіндім. Мені тиісті түрде жазалап, басқаларға әділеттіліктің үлгісін көрсеткен екен. Мұны көрген балалардың өздерін жақсы ұстайтыны да сөзсіз.

Мен Бейнеудегі Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқыдым. Бірде 5-кабинеттің терезесін сындырып алғанбыз. Жазғы демалысқа кететін кез еді. Сыныпты тазалап жүргенде ашық тұрған терезе қатты желден жабылып сынды. Одан сыныптастарыммен не істерімізді білмей қорыққан едік. Сынып жетекшіміз анам болғандықтан одан сұралады ғой. Бір топ оқушы боп “Апай, ренжімеңізші” деп есіктің алдына келіп тұрғанымыз есімде.

8 наурыз сияқты мерекелерде үйде дастархан жаятынбыз. Шағын сыйлықтарын алып сыныптастарым құттықтап келетін. Сол кезде мамам 30 оқушының бәрін дастархан басына сыйғызатын.

Маған сабақ берген басқа ұстазыммен байланысты мынадай бір қызықты сәт есімде. 6-сыныпта Қуандық деген шамамен 55-60-тағы қазақ тілінен сабақ беретін ағай болды. Сабақты жақсы оқып, белсенді оқушылардың бірі болғандықтан ол кісі мені қатты жақсы көретін. Ал балалар у-шу боп, үнемі шулап алатын. Сөйтіп, бір күні бәрі шулап отырған сәтте артымдағы Амангелді деген бала жыбырлап отырған болуы керек, ағай тез келді де ұрып қалды. Бірақ ол Амангелді емес, мені ұрды. Үлкен кісі болғандықтан шатасып кеткен ғой шамасы. Шапалақпен желкемнен тарс етіп салып қалды. Мен үндемей қалдым. “Гүлназ, Гүлназ, кешірші мен сені емес, мынаны ұрғым келді”, – деп ақталған еді ағайым. Қазір осындай қызық жағдайларды әлі күнге дейін есіме күліп түсіремін.

Ұшқын Жамалбек
Фото: Жеке мұрағаттан

Ұшқын Жамалбек, әнші, композитор:

“Ұстазсыз шәкірт – тұл” демекші, менің ұстаздар турасындағы көзқарасым жоғары. Себебі мейлі ұрысқан, мейлі басыңнан сипаған ұстаз болсын, олардың бәрінің мақсаты – білім беру. Мектепте де, жоғарғы оқу орнында да талантымды шыңдау үшін, жан-жақты боп өсу үшін, биік белеске жету үшін кеңес айтып, көмек берген, ілімін аямай, бастан кешкен тәжірибесімен бөлісіп, алға жетелеп отыратын ақкөңіл ұстаздарым аз емес.

Мен Қытайда Құлжа қаласының Күнес ауданында оқыдым. Мектепте математика, физика пәндерін сүйіп оқитын едім. Оның бір себебі ұстаздарымның ілімі мен сабақ берудегі біліктілігінің арқасында деп ойлаймын. Анам да өзіме қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болды. Оның үйреткен тәлім-тәрбиесінің жемісінің арқасында, міне, тұлға болып қалыптастық. Кейін унивеситетте де Мақсұт Оразұлынан сабақ алдым. Ол – сабаққа келген кезде жағдайымды ойлап, көңіліммен санасатын, шабыт беріп, қанаттандыратын, өнерде сағымды сындырмау үшін рухани, адами құндылықтарға үйреткен ұстаздарымның бірі.

Осындай ұлағатты тұлғалардың алдында үлкен борыштармын. Қазірдің өзінде сол ұстаздарымның “сенімен мақтанамын” деп айтқан сөздерінің өзі мен үшін үлкен сый, мәртебе. Ата-анамнан кейін сол кісілердің үмітін ақтау үшін, олардың ыстық ықыласына бөленіп, мақтанышы болғанның өзі бір ғанибет қой.

Ал көңіліме қаяу түсірген ұстаздар болған жоқ. Алайда арасында “Сенен ештеңе шықпайды”, я болмаса ойыммен санаспайтын ұстаздарды балалалықтан ба, басқаша қабылдап, көңілімізге алып, сабағына қатысқым келмейтін кездер де болды. Ал қазір ойласам, оның өзі үлкен мейірімділік еді ғой. Қаншама рет ұрысса да, тек біздің жақсы болуымызды қалап ұрысқанын түсіндім. Сол себепті ұстаздарға деген менің көзқарасым жоғары. Ұстаздарымыз аман болсын, дәрежесі биік болсын. Әлемдегі адамзаттың бәрі ата-анадан кейін ұстаздың тәлім-тәрбиесінен өтетіндіктен ұстаздар жасасын. Төл мерекелерімен барша ұстазды құттықтаймын!

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!