Қазақстан мен Үндістан бітімгершілік контингентті өрістеткелі отыр

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов елімізге ресми сапармен келген Үндістан Республикасының Қорғаныс министрі Нирмала Ситхараманмен кездесті.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестіктің дәйекті дамуын атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Премьер-министр Нарендра Модидің тұрақты негізде кездесулер өткізуі екіжақты қарым-қатынастарға оң ықпалын тигізді.

Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында бітімгершілікке берілетін ерекше маңыздылықты атап өтті және Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) Үндістан батальонының құрамында Қазақстан бітімгершілік контингентінің өрістеуіне мүмкіндік туғызғаны үшін үнді тарапына алғысын білдірді.

Нирмала Ситхараман өз кезегінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі, Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтірудегі және Астана процесінің шеңберінде Сириядағы жағдайды реттеудегі Қазақстанның маңызды ролі туралы айтты. Үнді министрі Қазақстанға бітімгершілік бойынша әріптес елді таңдауда Үндістанға білдірген сенімі үшін алғысын білдірді.

Елдеріміз тарихта алғаш рет бітімгершілік контингентті өрістету мақсатында басын қосты және бұл басқа мемлекеттер үшін үлгі болуға тиіс. Тараптар бір-бірінен көп нәрсені үйреніп, бітімгершілік миссиясын күшейтеді, — деді Үндістанның Қорғаныс министрі.

Сапар барысында Үндістан Қорғаныс министрі өзінің қазақстандық әріптестерімен — Қорғаныс министрімен, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен кездесіп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістетудің салтанатты рәсіміне қатысады.