Мемлекеттік білім гранты конкурсына блогерлер де бақылаушы бола алады

Қазақстандықтар жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуге арналған мемлекеттік білім беру тапсырыстары мен білім беру гранттарын тағайындайтын конкурс комиссиясы жұмысына қатыса алады. «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын жүзеге асыру аясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі осындай мүмкіндік беріп отыр.

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтардың тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысуы үшін танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы Агенттіктің аумақтық департаментіне алдын ала өтініш беруі қажет. Білім саласына жыл сайын бөлініп жатқан қаржы оны тиімді әрі адал жұмсаудың өзектілігін арттырады.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдық бақылауды күшейту осы саладағы сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың ең тиімді тетіктерінің бірі болатынына сенімді. Сонымен қатар талапкерлердің әлеуетті жұмыс берушілері — бизнес-құрылымдар өкілдерінің конкурстық комиссияларға қатысуы өте маңызды.

Агенттіктің арнайы бақылау топтары енді әр облыста, әр ауданда құрылған конкурс процедураларына белсенді қатысады. Мұндай топтардың құрамына түрлі сала бойынша сарапшылар: азаматтық қоғам, кәсіпкерлік, ғылыми және академиялық қоғамдастық, БАҚ өкілдері мен блогерлер де кіре алады.

Айта кетейік, білім беру гранты – жоғары білім алуға төлеу үшін ҚР заңнамасымен белгіленген шарттар бойынша білім алушыға берілетін қаржының нысаналы сомасы. Мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесі биыл 5-15 тамыз аралығында тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

ДереккөзInform.kz