Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман ұйым чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (50-1-2, 34 КО) пен қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) арасындағы үшінші жекпе-жекке қатысты ойын айтты.
Боксшылар 15 қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында қарымта жұдырықтасып, төрешілер шешімімен Сауль «Канело» Альварес жеңіске жетті. Осылайша Геннадий Головкин алғаш рет жеңіліп, WBC, WBA (Super) және IBO белбеулерінен айырылып қалан еді.
«Канело» чемпиондығын міндетті қорғауы керек шығар, бірақ өз еркімен де істеуіне болады. Алайда Головкин де қарымта кездесу сұрап отыр. Әзірше бұл жекпе-жек діттелген жоқ, дегенмен ол өткізуге ниет білдірді, — деді Сулейман Киевте өтіп жатқан WBC конвенциясы кезінде.
Айта кетейік, WBC бойынша міндетті қарсылас америкалық Джермалл Чарло (27-0, 21 КО) болып тұр. Ал рингке Альварес 15 желтоқсанда оралмақ, мексикалықтың ықтимал қарсыласы — канадалық Давид Лемье (40-4, 34 KO).
Ал Геннадий Головкин жұдырықтасуды биылға жоспарлап отырған жоқ. GGG рингке тек 2019 жылдың көктемінде оралады.