Геннадий Головкин жеңілістен кейін қандай көңіл-күйде?

Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) промоутері Том Леффлер қазақстандық боксшының жеңілістен кейінгі көңіл-күйі туралы айтты.

Бұл қарсыласымен үшінші жекпе-жек бола ма, болмай ма, не істеуіміз керек, оны ойланамыз. Головкиннің жағдайы жақсы. Әрине, жекпе-жек тең есеппен аяқталғанда оның көңіл-күйі бұдан да жақсы болар ма еді, дегенмен онда бәрі жақсы. Егер біз ол ұтылды деп есептесек немесе ол ауыр жараланып қалғанда жағдай басқаша болар ма еді, бірақ командаң сені жеңімпаз санап тұрғанда мұның еш ұяты жоқ. Геннадий еңсесін биік ұстап тұр және біз, оның командасы, оның осы кезге дейінгі жетістігіне мақтанамыз, — деді Том Леффлер Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында.

Промоутер Головкин — Альварес жекпе-жегіндегі судьялардың шешімін құрметтейтінін айтты.

Мен Головкиннің қарсыласынан 4 раунд немесе 2 раунд артықшылығымен басым түсе отырып, 21 рет белбеу қорғағанын көрдім. Ең нашар көрсеткіш дегенде есеп тең болатын. Міне, Глен Фельдман тең деп есептеді. Бірақ «Канелодан» да ұпайды алып тастауға болмайды. Бұл екі жақтан да бір тамаша жекпе-жек болды. Егер судьялардың екеуі «Канело» жеңіске жетті деп есептесе, онымен дауласуға болмас. Жекпе-жек алдында біз төрешілерге риза екенімізді білдірдік, біз олардың шешімін құрметтеуіміз керек, — деді Том Леффлер.

Оның айтуынша, Геннадий Головкин бұл жолы оны сәл таңғалдырған. Боксшы бұрынғыдай қорғанып жүрмеген, ол мейлінше тартысты, тамашалауға тұрарлық әдемі ойын көрсетті.

Бұл — Геннадийдің жақсы көретін стилі. Ол өз жекпе-жегіне адамдардың келгенін қалайды. Эх, егер төрешілердің карточкасында ең болмағанда бір ұпай айырмашылығы болғанда, Геннадий титулдарын сақтап қалар ма еді. Онда біз басқаша сөйлер ме едік, бірақ біз бұл жағдайдан барынша сабақ алуға міндеттіміз. Біз енді қалай әрекет ететінімізді ойланамыз, — деді промоутер.

Еске салайық, Лас-Вегаста мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альвареспен (50-1-2, 34 КО) есе қайтарысу кездесуінде Геннадий Головкин жеңіліс тапқан еді. Реванш 12 раундқа созылды, төрешілердің шешімімен Сауль «Канело» Альварес жекпе-жек жеңімпазы атанды. Ол қазақстандық боксшының WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы деген атақтарын иеленді. Екі боксшының алғашқы жекпе-жегі 2017 жылы да Лас-Вегаста өтті.

ДереккөзVesti.kz