Астана әкімдігінде ірі базарлардың директорларымен жиналыс өтті. «Алаш», «Шарын», «Сапар», «Биг Шанхай», «Әмір» базарларының басшылары жақын күндері қоғамдық орындардағы заңсыздықтарды реттеуге уәде берді.
Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған базарларда 159 заңсыз нысан анықталған. Олар: 26 павильон, 14 дүңгіршек, 81 контейнер, сонымен қатар кафе, асхана, биодәретхана және тағы басқа.
Әкімдіктіктің хабарлауынша, жақында кассалық аппараты, тауарлары ештеңесі пайдаланылмастан объектілер сатылымға шығарылады. Аталған объектілерде өрт қауіпсіздігі сақталмаған, санитарлық талаптарға сай емес және сатушы мен сатып алушылардың денсаулығы мен өмірі қорғалмаған.
Базар әкімшілігі де уақытша жалға алған объекттің иесінен заңсыз ақша алып отырған.
Сондықтан қала әкімшілігі бұл заңсыздықтарды дереу доғаруды, 3 күн ішінде қалпына келтіріп, ондағы саудагерлерді заңды аумақтарға көшіруді талап етті.
Қазіргі уақытта автотұрақтың орнына сауда контейнерлері мен павильондары орналасып алған. Жиында сол мәселені реттеу жоспары қаралды.
Егер ол жер автотұрақтың орны болса, сауда контейнерлері емес, көліктер тұруы керек, — деді әкімдік өкілі.
Сонымен қатар қаланың негізгі жолдарындағы жол қозғалысын реттеу мәселесі талқыланды.
Біз барлығы қала тұрғындары үшін ыңғайлы болғанын қалаймыз. Тұрғындар базарға барғысы келмейді, себебі онда барлығы бейберекет орналасқан. Ол жерде барлығы өз орнымен реттелсе, сіздердің де табыстарыңыз артады, — деді әкімшілік өкілі базар басшыларына.
Айта кетейік, 8 айда Астанада 250 заңсыз салынған құрылыс бұзылды, оның ішінде 23 сауда павильоны, 4 тұрғын үй құрылысы, 143 металл гараж, 4 жапсырма, 74 контейнер мен 2 қоршау. Сот шешімімен 37 құрылыс бұзылған, оның 29 – коммерциялық, 8 –і тұрғын үй нысаны. Өзіне тиесілі емес жерге өз бетімен күрделі құрылыстарды салу, шектеулер қою мен сауда контейнерлерін орнату арқылы жер телімдерін кеңейту жолымен айналысқан «Орталық базар», «Көкбазар», «Шарын», «Алаш» базарларында орналасқан 5 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылған.