Сапарғали Бегалин атындағы кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутаймен кездесті. Кездесу Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасы тапсырысымен «Дін мен дәстүр» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Мақсат — жастарға әсіредіншілдіктен сақтануды, оларға имандылық пен қазақы дәстүрді жарастыра білуді ұғындыру.
Ұлттық аспап пен ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген дәстүрлі әнші кітапхана оқырмандарына қазақ халқының дәстүрі мен қазақтардың дінді қаншалықты ұстанғаны туралы айтты. Ұйымдастырушылар Алаш арыстарының да қазақтарға діншілдіктен сақтанып, дәстүрді ұмытпауды үндегенін дәлелдеу мақсатында «Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін» деректі фильмін көрсетті.
«Дін мен дәстүр» жобасын Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі бірлесе атқарып келеді. Жоба қоғамның әртүрлі тобына ақпараттық-түсіндіру, ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның мақсаты — деструктив ағымдардың идеяларын, қазақ халқының дәстүрі, тарихы мен мәдени құндылықтарының айырмашылығын түсіндіру.