Мешіт жамағаты дінтанушы, заңгермен кездесіп, деструктив діни ағымдардан сақтану жолдарымен танысты.
«Төле би» мешітінің жамағатына Қазақстан Республикасының Дін саласындағы саясаты, зайырлы мемлекеттің қағидалары туралы Қазақсатан Республикасында тиым салынған діндердің қоғамға келтіретін зардабы, шет елдерге теологиялық білім алу үшін барудың еш қажеттігі жоқ екендігі, егер керек болған жағдайда теологиялық білімді Алматыда алуға болатындығы туралы дәріс оқылды.
Кездесуді Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен қалалық ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығы ұйымдастырды.
Ақпараттық шара Алматы қаласының ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мұғалімі, философия ғылымдарының докторы, доцент Бағдат Бейсенов, теолог, «Үшқоңыр» медрессе-коледжінің ұстазы, дінтану магистрі Бекболат Бердімурат, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мұғалімі, заң ғылымдарының Phd докторы Ақынқожа Жәнібеков, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ұстазы, дінтану магистрі Нұржан Абдуллаев, Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Самат Қабылбеков, Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығы директорының орынбасары, социолг Нұрболат Айекешов және Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының маниторинг және талдау орталығы мамандарының қатысуымен өтті.
Дінтанушылар жұма намазына жиналған азаматтарға зайырлы мемлекеттің қандай болатынын, деструктив діни ағымдардың белгілері мен сақтану жолдарын түсіндірді.
Мұндай шараларды ұйымдастырудың негізгі мақсаты — діннің атын жамылып, халық арасына іріткі салушы деструктив ағымдарға қарсы тұрып, азаматтардың діни иммунитетін нығайту. Сол ағымдар жастардың дінге деген құштарлығын, қызығушылығын пайдаланып, өздеріне тартады. Біз осы мәселені халыққа түсіндіріп, қауіпті болдырмау шараларын жасап жатырмыз, — дейді Алматы ішкі саясат басқармасы «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық түсіндіру және алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тұрсын Құдайқұлов.
Тұрсын Құдайқұловтың айтуынша, жат ағым өкілдері имамдардан алыс жүреді. Олардың дәстүрлі дін туралы сауаты болмағандықтан рухани азық жетіспейді.
«Мониторинг және талдау» орталығы Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарманың тапсырмасымен жыл басынан бері 400-ге жуық шара өткізді. Дінтанушылар түрлі жоғары оқу орны, әскери бөлімдер, колледждер мен мектептерде дәріс оқыды.
Дінтанушы Бағдат Бейсеновтің айтуынша, Қазақстанда дін атын жамылған адамдар халық арасында теріс ағымды насихаттап жүр. Одан азаматтарды сақтау үшін дәстүрлі діни құндылықты кеңінен насихаттау қажет.
Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттің саясатына араласпайды, мемлекет дінді жоққа шығармайды. Бүгінгі науқанда азаматтарға зайырлы мемлекеттің құрылымы түсіндірілді. Азаматтардың кез келген сұрағына жауап беруге, дін мен мемлекет, дін мен құқық туралы түсінік беруге әрқашан дайынбыз. Мемлекеттің де біздің де мақсатымыз — елдегі тұрақтылықты, тыныштықты сақтау, — дейді Дінтанушы Бағдат Бейсенов.
Бүгін «Төле би» мешітінде науқанмен қатар «Жақсылыққа жарысайық» қайырымдылық тобының жәрмеңкесі де өтті. Бұл топтың мақсаты — азық-түлікке, киім-кешекке және дәрі-дәрмекке мұқтаж жандарға көмектесу.
40 жасымнан бері намазды тұрақты оқимын. Жұма сайын мешітке келіп тұрамын. Иман жолындағы адамның жүрегі тыныш, рақымды, мейірімді болады. Балаларым намаз оқымайды, дегенмен ешкімнің ақысын жемеуді, тура жолда жүруді айтып отырамын. Өзімнің атам кезінде медресе ашып, бала оқытқан. Әкеміз бізге сүрелерді айтқызып, кім бірінші жаттаса сол ерте ұйықтайды деуші еді. Жат адамның уағыздарын ешқашан тыңдаған емеспін, — дейді мешітке келуші Есенгүл Ерқожаева.
Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада мектеп қабырғасындағы оқушылардың орамал мәселесі, намазханалардың жабылуы, жұма күндері полиция қызметкерлері неге мешіттің жанында жол ережесінің сақталуын күшейтіп жіберетіндігі туралы мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Азаматтардың сұрақтарына заңгер, дінтанушы және әлеуметтанушылар жауап берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, адам көп жүретін «Тастақ» базарының жанындағы «Төле би» мешіті науқан өткізуге арнайы таңдалды.
Мешітте деструктив ағымдардың белгілері жазылған, Қазақстанда тыйым салынған ағымдардың атауы көрсетілген брошюралар таратылды.