Алматы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылды

Серікбол Мусинов Алматы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылды.

Серікбол Мусинов 1980 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз аудандық орталық ауруханасында еңбек жолын интерн-дәрігер болып бастағалы бері денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келеді. Әр жылдары Семей облысы денсаулық сақтау департаментінің бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің проректоры, Астана фармацевтикалық бақылау басқармасының бастығы, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының бас директоры, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Алматы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып 2017 жылдың қараша айында тағайындалды.

Алматы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Алматының денсаулық сақтау жүйесінде медицина ұйымдарының шұғыл менеджментін, олардың қызметінің ашықтығын және халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттануын жақсартуға бағытталған белсенді реформа жүріп жатыр. Бұған дейін басқа салалармен қатар аталған бағыттардағы кемшіліктері үшін бірқатар қалалық медицина ұйымының басшысы лауазымдарынан босатылған. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қаланың денсаулық сақтау мекемелерінің 75%-ына бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілді.

ДереккөзNur.kz