Басты бетЖаңалықтарМәулен Әшімбаев...

Мәулен Әшімбаев Алматыда Президент бастамаларының іске асырылуымен танысты

Алматыда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша салынған жаңа ықшамаудан пайда болды. Жуық арада мыңдаған алматылық тиімді шарттармен баспана ала алады.

«7-20-25» бағдарламасының және Президенттің басқа да бастамаларының іске асырылу барысымен танысу үшін Алматыға «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен келді. Ол жаңа тұрғын үй бағдарламасының алғашқы қатысушыларына пәтер кілттерін тапсырды.

Баспанаға ие болғандардың бірі Ерлан Әубәкіров бұрын коммерциялық банктердің шарттарымен пәтер ала алмағанын айтты.

Бүгін мен пәтер кілтіне ие болдым. «7-20-25» бағдарламасы бойынша кез келген адам баспана ала алады. Бұл — қазақстандықтар үшін тамаша мүмкіндік, Президентімізге алғыс айтамын, — деді ол.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл бағдарлама қазір еліміздің барлық аймағында табысты іске асырылып жатыр.

Алматы — 2 миллион адам тұратын үлкен мегаполис. Көпшілік, әрине, баспана алғысы немесе тұрғын үйінің жағдайын жақсартқысы келеді. Президенттің «7-20-25» бағдарламасы осы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ол халыққа керек бағдарлама болып шықты. Қазақстандықтар оны түгел қолдап отыр. Партия тарапынан біз бағдарламаның өз уақытында және сапалы іске асуына ықпал етеміз, — деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапары барысында шағын несиелендіру бағдарламасы аясында ашылған жаңа стоматологияда да болды. Бұл бағдарламаны іске асыру да — Президент айтқан бес әлеуметтік бастаманың бірі.

Стоматология директоры Динара Қазиева бұрын ғимаратты жалға алу үшін қазіргі несиенің ай сайынғы төлеміне тең сома төлеп келгенін айтты.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» менің арманымның іске асуына көмектесті. Бұрын мен бір кабинетті жалға алып, ай сайын 150 мың теңге төлейтінмін. Қазір өз клиникам үшін несиені ғана төлеймін. Бұл заемды мерзімінен бұрын төлеп тастауды ойлап отырмын, себебі шарттары өте тиімді, — деді Динара Қазиева.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Алматыда жаңа жатақханаға орналасқан студенттермен де кездесті. Студенттерге заман талабына сай жатақханалар салу да — Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бес әлеуметтік бастаманың бірі. Биыл оңтүстік астанада тағы төрт «Студенттер үйі» пайдалануға беріледі. Ал 2019 жылы жаңа студенттік жатақханалардың қатары 26-ға жетеді. Мәулен Әшімбаев өз сапарын «Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының» барлық бағыты табысты іске асырылып жатыр деп қорытындылады.

ДереккөзTengrinews.kz