ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ақын Бауыржан Қарағызұлының Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болып тағайындалғанын хабарлады.
Бауыржан Қарағызұлы 1982 жылы 17 қазанда дүниеге келген. Қазақтың талантты ақыны, халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При иегері. «Әлемге әйгілі — Астана» атты жыр мүшәйрасының Гран-При иегері. Сейдолла Бәйтереков атындағы арнайы сыйлықтың иегері. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» атты І республикалық Мағжан өнер фестивалінің лауреаты. «Табысты қазақстандық — 2012» Ақмола облыстық жастар байқауында «Жас дарын» сыйлығының иегері. Ақын-импровизатор Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жыл толуына орай өткен әдеби байқаудың жеңімпазы. 2014 жылғы ҚР мемлекеттік стипендиясының иегері. «Жұмбақтасқа жауған күз», «Өң.Мен.Түс.», «Жүрек кітабы», «Топырық демі» атты жыр-кітаптарының авторы. Республикалық «Алаш үні» газетінде тілші, «Астана» журналында тілшілер қосынының жетекшісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Кітап патшалығы» журналы бас редакторының орынбасары, Көкшетаудағы «Ақпараттық кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінде директор, «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» жетекшісі, «Мәдениет порталының» бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Жас ақын-жазушылар кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарды.