«БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева зейнетақы қоры 2018 жылдың бірінші жартысында қанша табыс әкелгенін айтты.
2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша портфельдің негізгі үлесі — 46,7 %-ы Қазақстанның мемлекеттік құнды қағаздарына орналастырылды. 19%-ы Қазақстанның екінші дәрежелі банктерінің құнды қағаздарына инвестицияланды. Валюта құрылымы бойынша — портфельдің 68%-ы теңге инструменттеріне, 32%-ы шетел валютасына салынды, — деп мәлімдеді Нұрбүбі Наурызбаева Сенатта.
Бірінші жартыжылдықта БЖЗҚ зейнетақы активтеріне есептелген инвестициялық табыс 378 183 миллион теңге болды. Бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 70%-ға көп.
Бұл кезеңде негізгі үлес — 63% сыйақы — құнды қағаздар бойынша купон немесе дисконт түріндегі табыс болды. Инвестициялық табыс құрылымында екінші орында қаржы инструменттерін қайта бағалаудан түскен табыс тұр, — деді қордың басшысы.
Нұрбүбі Наурызбаеваның мәліметінше, ең көп жинақ Алматыда тіркелген салымшыларға тиесілі — 20,2%. Зейнетақы жинақтарының 9,8%-ын Астана салымшылары салған.
БЖЗҚ есепшоттарының саны бойынша Алматы көш бастап тұр — 17,8%. Біз салымшыларды өңірлер бойынша бөлу халықтың ел аумағындағы орналасу жағдайына сәйкес келеді, ал орташа жарна сомасы Статистика комитетінің мәліметі бойынша орташа жалақы мөлшеріне қарай реттеледі, — деді қордың басқарма төрайымы Сенатта депутаттармен кездесуде.
БЖЗҚ мәліметінше, 2018 жылдың 1 шілдесінде жеке зейнетақы есепшоттарының жалпы саны 10 192 мың болды, оның 9 694-і міндетті зейнетақы жарнасы бойынша, 458 мыңы — міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы бойынша және 39 мыңы — ерікті зейнетақы жарнасы бойынша. Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 8,4 триллион теңгеге жетті.