ҚР Үкіметі мен Ұлттық банкі аграрлық секторды қосымша қолдаудың жаңа іс-шаралары туралы бірлескен мәлімдеме жасады.
Үкімет жақын арада ұлттық экономиканың аграрлық секторын қолдау үшін жаңа іс-шараларды іске қосады.
Экономиканы жаңғыртудың Үшінші толқыны мен өсімнің жаңа моделін құрудың қазіргі жағдайында Агроөнеркәсіптік кешеннің маңызы арта түсіп отыр. Бұл – стратегиялық сала. Әлеуетті локомотив. Біздің мақсатымыз – алдағы 5 жылдың ішінде Агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі мен қайта өңделген өнімдер экспортын 2,5 есе ұлғайту. Бұл орайда біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржыландыру мен өнім өткізу рыноктарының қолжетімді болуына және экспортты дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз, — делінген бірлескен мәлімдемеде.
Мәлімдемеде әлемдік рыноктағы ахуалдың тұрақсыз екені, жылдам өзгеріп жатқаны айтылады.
Валюталық несие түрінде жүктемесі бар аграрлық сала сыртқы себептердің ауыртпалығы жағдайында дамып отыр. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық Банк ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және бүкіл аграрлық секторды қолдаудың қосымша іс-шаралар пакетін дайындады. Басты мақсат – саланың серпінді өсуіне қажетті жағдай жасау, жаңғыртудың қарқынын төмендетпеу, күрмеуі күрделі мәселелерді шешу. Іс-шаралардың ішінде АӨК кәсіпорындарына түсетін борыштық жүктемелерді азайтуға және олардың борыштық ауыртпалықтарын азайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Іске асыру тетіктері — «ҚазАгро» холдингінің талаптарын қайта құрылымдау және долларсыздандыру, АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жаңа құралдарын пайдалану, — делінген мәлімдемеде.
Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралар пакетінде қаржылық институттардың, оның ішінде АӨК дамытудың бағдарламасын іске асыру бойынша серіктес-банктердің жұмысына серпін беретін бірқатар қаржылық тетік бар.
«Цеснабанк» «Агробизнес 2020» бағдарламасы мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жобаларын іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Оның үлесіне саланы несиелендірудің 65%-дан астамы тиесілі. Сол себепті «Цеснабанк» «ҚазАгро» холдингімен бірлесе отырып, берілген валюталық несиелер мен қарыздарды қайта қаржыландыруды және олардың мерзімдерін ұзарту мәселесін қолға алды.
Бұл жұмыс аясында Үкімет пен Ұлттық банк «Цеснабанктен» 450 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы несиелер портфелін сатып алу тетіктерін пысықтап жатыр. Бұл банктен қарыз алушы агроөнеркәсіптік сектор кәсіпорындарын қаржылық сауықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сонымен бірге «Цеснабанктің» қаржылық тұрақтылығын нығайтады. «Цеснабанк» акционерлері банкті капиталдандыру арқылы жеке қаражаттары есебінен қарыз алушыларды сауықтыруға қатысады.
Бұл шаралар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мүддесін қорғайды, несиелендірудің көлемін арттырады және аграрлық секторды жаңғырту саясатына қолдау жасайды.