Басты бетЖаңалықтар"Ұлттық қордың...

«Ұлттық қордың 785 миллиард теңге шығыны» туралы ақпаратқа түсінік берілді

ҚР Ұлттық банкі бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болған «Ұлттық қордың 785 миллиард теңге шығыны» туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді.

Ұлттық банктің мәліметінше, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта 400,9 миллиард теңге болды.

«Кезекті рет жекелеген БАҚ-та Қазақстан Ұлттық қорының 2018 жылғы 785 миллиард теңге мөлшеріндегі инвестициялық шығыны туралы ақпарат пайда болды. Осыған дейін түсіндіргеніміздей, шын мәнінде 785 миллиард теңге Ұлттық қордың іс жүзіндегі инвестициялық шығыны емес. Бұл сан бағамдық айырманы ескере отырып, 2018 жылғы 1-тоқсанының соңындағы инвестициялық нәтижені көрсетеді. Ақпараттың бастапқы көзі — Қаржы министрлігі жариялайтын ҚР Ұлттық қорының түсімдері мен пайдаланылуы туралы есеп. Бұл есеп ұлттық валютада жасалған және онда ҚР Ұлттық қорының кірістілігі есептелетін базалық валютадағы (АҚШ доллары) активтерді басқарудан инвестициялық кіріс туралы ақпарат жоқ, — деп хабарлады ҰБ баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша басқару нәтижелері бойынша (-)785 миллиард теңге шығын 67 миллиард теңге мөлшеріндегі іс жүзіндегі инвестициялық кірістен және теңгемен қайта бағалау (қайта есептеу) бойынша (–) 852 миллиард теңге болатын теріс айырмадан тұрады. Бұл сол кезеңдегі АҚШ долларына қатысты бағамның нығаюына байланысты есептелді.

«Осылайша 2018 жылғы 31 наурыздағы және 2017 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша АҚШ долларының бағамы тиісінше 318,31 теңге және 332,33 теңге болды. Сонымен қатар кейбір БАҚ ҚР Ұлттық қорының кірісі деп атайтын, Қаржы министрлігі жариялайтын ҚР Ұлттық қорының түсімдері мен пайдаланылуы туралы 2018 жылғы 1 қыркүйектегі есепте қамтылған 1,2 триллион теңгені ҚР Ұлттық қорының кірісі деп атайтынын атап өтеміз, ол кіріс болып саналмайды, 2018 жылғы 1-тоқсандағы теңгемен инвестициялық нәтижелермен бірге қорға 2018 жылғы 8 айдағы нетто-түсімдерді көрсетеді, — делінген хабарламада.