Жиын тақырыбы — «Өндірістегі құзыреттілікке бағдарланған тәлімгерлік – студенттердің сапалы кәсіптік даярлығының ресурсы».
Облыстық білім басқармасы, Кәсіптік білім және кадрларды даярлау бөлімінің басшысы Сағынбек Жұмагереевтің айтуынша, осы кезге дейін жергілікті оқу орындары мен олардың әлеуметтік серіктестері арасында 1600-ден астам келісімшарт жасалған. Германияда, Австрияда, Швейцарияда кең тараған дуал оқыту – жұмыс орнында оқытуды көздейді. Батыс Қазақстан колледждері оқытудың бұл түрін 2013 жылы нақты қолға алды. Содан бері 78 кәсіпорын заманауи жабдықтармен жабдықталған оқу-өндірістік шеберханалары мен өндірістік базаларын ұсынып, оқушыларға қажетті жағдайды жасап отыр. Солардың бірі – «Орал» трансформатор зауыты.
Қазіргі таңда облысымызда 1657 студент дуал оқытумен білім алып жатыр және бұл еңбек нарығында колледж түлектерінің жұмыс табуына оң әсерін тигізіп отыр, — деді Сағынбек Жұмагереев.
Жиын барысында БҚО кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды және әлеуметтік әріптестікті дамыту бөлімінің басшысы А.Әбілқайырова жоғары сапалы кадрларды даярлаудағы тәлімгерліктің рөліне тоқталса, тәлімгердің еңбегі туралы Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің әлеуметтік әріптесі, «Стройкомбинат» ЖШС-ы арматура цехының басшысы Тамара Урасаева әдемі жеткізді. Айта кету керек, Тамара Урасаева студенттерді тәжірибеден өтуге қабылдап, еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы кадрларды даярлау ісінде дараланып жүрген тәлімгерлердің бірі.
Батыс Қазақстан индустриалды колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Тілектес Ахмадиев тәлімгерлікті ұйымдастырудағы өз тәжірибесімен бөлісті. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның техникалық директоры Мақсат Үсенбаев өндірісте дуал білім беруді жүзеге асыру тетіктері туралы жан-жақты баяндады.
Басқосу соңында жиналғандар әлеуметтік серіктестер мен оқу орындары арасындағы әріптестіктің жаңа қырларын ашуда, қордаланған мәселелерді шешуде, пікір алмасуда осындай шаралар өндірісте жиі ұйымдастырылуы қажет деген тоқтамға келді.