Бостандық ауылында өлкетану музейі ашылды

Музей орналасқан жер келіп тамашалаймын деушілерге өте ыңғайлы. Ғимаратты салуға жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары үлес қосты. Сондықтан баршаңызға алғысымды білдіремін. Болашақта бұл рухани орталық тағы да құнды жәдігерлермен толықтырылып, жас ұрпаққа тәлім беретін мәдени ошаққа айналады деп сенемін, — деді аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықау сөзінде.

Көптен күткен игі бастамаға ауыл тұрғындары, жергілікті кәсіпкерлер және көп жылдар прокуратура органдарында жұмыс істеген құқық қорғау саласының ардагері Ғинаят Салықов қаржылай-материалдық қолдау көрсетті. Сонымен қатар бұл күні қос бірдей қуанышты оқиға болды. Атап айтсақ, ауыл тұрғындары ауылдық мәдениет үйінің ауласынан мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Кәбира Салықованың бюстінің ашылу салтанатына куә болды. Бюстті ашу рәсіміне аудан әкімі Абат Шыныбеков, Кәбира Салықованың ұлы Ғинаят Салықов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Джангереева, аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің маманы А.Көшеғалиев, ауыл әкімдігі аппараты мен жергілікті мекеме-ұйымдардың қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Музейдегі әр жәдігер Кәбира Салықованың өмір жолынан мағлұмат береді. Нақты айтқанда, мемлекет және қоғам қайраткерінің ғұмырбаянымен, шығармашылықтағы, еңбектегі және саясаттағы жеткен жетістіктерімен емін-еркін танысуға болады. Бұл жастарға рухани әрі патриоттық тәрбие берудің таптырмас құралы. Одан бөлек музейде ауыл тарихына қатысты көптеген құнды жәдігерлер, бағалы кітаптар, түрлі құжаттар, фотоматериалдар мол жинақталған.