Президент Қарағандыда жас жұбайлардың некелесу салтанатына қатысты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас жұбайлардың неке қию рәсімі өтіп жатқан жаңа «Ақ сарай» салтанат сарайына барды.

Некелесу
Фото: Аkorda.kz

Президент жас отау иелерін құттықтап, оларға бақыт, шаңырақтарына береке тіледі.

Ертең Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Көп адам үшін бақыт дегеніміз – отбасы және балалары. Сіздерді өмірлеріңіздегі ең жарқын оқиғамен құттықтаймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Некелесу
Фото: Аkorda.kz

Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайтудың және еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеудің маңызды екенін айтты. Жас шаңырақ иелері Президентке жас отбасыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан саясаты үшін, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы үшін алғыс білдірді.

Жаңа салтанат сарайы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің қаражатына салынған.