«Жас ұлан» мектебіне қалай түсуге болады?

«Жас ұлан» мектебі қанша жастан қабылдайды?

«Жас ұлан» мектебіне 9-сыныпты бітірген талапкерлер қабылданады. Талапкердің 15 жасқа толғандығы (бұл жастан кем болмауы тиіс) ескеріледі. Оқу мерзімі – 2 жыл. Математика және қазақ (орыс) тілінен емтихан тапсырады. Дене шынықтыру пәні бойынша (100 метрге жүгіру, турникке тартылу) нормативтік сынақ болады. Мектептің шарты бойынша алғашқы әскери даярлық және дене шынықтыру пәндеріне басты назар аударылады. Сонымен бірге ҰБТ кезінде тапсырылатын пәндер тереңдетіліп оқытылады.

«Жас ұлан» әскери мектебінде домбыра тарту, компьютер, шахмат, туризм және өлкетану үйірмелері бар.

Оқу, тамақ, әскери форма тегін. «Жас ұлан» әскери мектебінің түлектері еліміздің немесе Ресей Федерациясының жоғары әскери білім ордаларына түсуге жолдама алады. Ерекше көзге түскендері жақын немесе алыс шетелдің әскери оқу орындарына жіберіледі.

«Жас ұлан» әскери мектебіне жыл сайын мемлекет тарапынан 220-250 орын бөлінеді. Конкурстан өткен талапкерлер ғана оқуға қабылданады.

«Әскери өмір маған арналмаған» деп, орта жолдан оқудан шығып қалатындар бар. Сол үшін әскери мектепке түсер алдында әр жасөспірім нақты шешім қабылдап барғаны дұрыс. Талапкерлерге мектептегі әскери мамандар алдын ала арнайы дәріс өткізеді. Әрбір әскери саланың ерекшелігі, қиындығы түсіндіріледі. Қазіргі күні әскери қызметкерлер үшін мемлекет тарапынан бар жағдай қарастырылғанын атап өткен жөн.

Алматы, Шымкент пен Қарағандыдағы республикалық әскери мектеп-интернаттар Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Ал «Жас ұлан» − Қазақстан Қарулы Күштеріне тікелей бағынатын мектеп.