Сенатор Үкімет басшысынан елде ұрлықпен күресті күшейтуді сұрады

Сенаттың жалпы отырысында депутат Владимир Волков ел аумағында ұрлық қылмыстарына тосқауыл қоюдың қосымша шараларын қабылдауды сұрап, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдады.

Пәтер тонау, қалта ұрлығы, көлік пен бөлшектерді, түрлі-түсті металл мен мал ұрлау, ұялы телефондарды жымқыру секілді әрекеттер қылмыскерлер арасында кеңінен таралған. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биылғы 8 айда елімізде 202 мың қылмыс пен қылмыстық әрекет тіркелді. Оның ішінде тек ұрлықтың өзі 120 мыңға жетіп отыр. Бұл тіркелген барлық қылмыстың 60%-ға жуығын қамтып отыр, — деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, ел халқын пәтердегі мүлікті ұрлау жағдайы ерекше алаңдатып отыр. 2018 жылы пәтер ұрлығының 23 мың фактісі анықталды.

Биыл 3 мың 468 мал ұрлығы болған. Әрбір ұрлықтан келтірілген залал көлемі орташа есеппен 200-300 мың теңгені құрайды. Ауыл тұрғыны үшін жылқысыз, ірі қара малсыз немесе түйесіз қалу қандай қиындықтар тудыратынын жақсы түсінесіздер, — деді сенатор.

Владимир Волковтың айтуынша, биылғы 8 айда 434 автокөлік ұрлығы және автобөлшек ұрлаудың 5 637 фактісі тіркелді. Сонымен бірге әрбір екінші көлік табылмайтын көрінеді. Биыл 26 771 ұялы телефон ұрланған. Оның тек үштен бір бөлігі ғана табылады екен.

Бұл тұрғыда ұрлықпен күрес бойынша қосымша заңнамалық, ұйымдастырушылық, профилактикалық, түсіндіру және басқа да шараларды қабылдауды сұраймын, — деді Владимир Волков Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Еске салайық, бүгін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның жалпы отырысында депутаттардың негізгі міндеттерінің бірі құқық қорғау жүйесін жетілдіру екенін айтқан еді.

ДереккөзInform.kz