Автокөлік ұрланған жағдайда жәбірленушілер құзырлы органға жүгіне бермейтін болған. Себебі көпшілік ұрының табылатынына күмәнмен қарайды. Ұрлықтан алдын ала сақтанып жүруді жөн көреді. Ендеше Baribar.kz редакциясы көлік тонаушыларға жем болмаудың бірнеше кеңесін назарларыңызға ұсынады.

Ең көп ұрланатын көліктер қандай?

  • Lada
  • Toyota(Corolla, Camry, Prado)
  • Mazda (626)

Lada маркасының көп ұрлану себебі — басым көпшілігінде дабылқаққыштың орнатылмауы және кілттің көмегінсіз екі сымның бір-біріне тиюінен оңай оталуы.

Көлікті қорғауға арналған 5 кеңес

1-кеңес: Құпия блок орнатыңыз

Автокөлікті қорғаудың ең қарапайым, арзан және дәлелденген тәсілдерінің бірі — стандартты сигнализацияға орнатылған механикалық немесе электрондық блок. Электрондық құпияның астында электр тізбегіне орнатылатын қарапайым қосқыш бар. Ол ұрыға қозғалтқышты іске қосуға мүмкіндік бермейді. Әдетте мұндай құрылғы кез келген тұрақты түйме астында жасырылады. Ұры сіздің жеке бақылау бөлігіңізді атқарушы құрылғыларды қолданып, екі құпия сөзіңізді табуға тырысуы мүмкін. Механикалық блоктар рульді, беріліс қорабын және педальды бұғаттайды. Сол себепті қылмыскерге бұғатты шешу оңай болмайды. Мұндай блокты арзан автомобильдері бар жүгізушілер пайдаланбайды. Алайда сақтықта қорлық жоқ.

2-кеңес: Автокөлікті әуесқой шеберлерге жөндетпеңіз

Автокөлік иелері үшін үлкен қауіп – көлікті бейресми жұмыс істейтін кішігірім қызмет көрсету орталықтарында немесе жеке гараждарда жөндету. Тәжірибе бейресми қызметтердің көбінің автоұрылармен сыбайлас болатынын көрсетіп отыр. «Көлігім тоналып кетпей ме?» деген үреймен жүрмес үшін техникалық тіркеуден өткен шеберханаларға жөндеткеніңіз абзал.

3-кеңес: Бөтен адамдарға сенім артпаңыз

Көп жағдайда жүргізушілер ұрыларға өздері-ақ темір тұлпарларының қемшілігін айтып береді. Мысалы, жұмысқа бара жатқан кезіңізде көлігіңіз аяқасты істен шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда сіз бөтен адамдардан көмек сұрайсыз. Осындайда сақ болыңыз. Көлігіңізді біреуге ешқашан сеніп тапсырмаңыз.

4-кеңес: Автокөлік есігін ұзақ уақытқа ашық қалдырмаңыз

Көлік тонау әдетте өзіңіздің алаңғасарлығыңыздан болады. Ұрылар көлігіңіздің дөңгелегін әдейі тесіп қояды. Сіз дөңгелегіңізді тексеру үшін сыртқа шығасыз. Осы сәтте ашық қалған есіктен ұрылар құнды заттарды оңай ұрлайды. Сол себепті көлік есігін әрдайым кілттеп жүріңіз.

5-кеңес. Көлікті күзет қызметі мен бейнебақылау камералары бар жерге қойыңыз

Сарапшылардың пікірінше, көлікті бейнебақылау камералары бар күзетілетін тұраққа қою қажет. Көлікке бұл жақтан да қол сұғатындар табылады. Алайда камераның көмегімен ұрыны табу оңай. Егер көлігіңізді ақылы тұраққа қоймаймын десеңіз, аулаңызға бейнебақылау камера орнатыңыз.

Көлік жұмыс күндері көп ұрланады. Зерттеулерге қарағанда, әсіресе, сейсенбі күні ұрлық-қарлық көп тіркеледі. Сенбі мен жексенбі автоұрылар үшін қолайсыз уақыт көрінеді.

Автокөлік ұрлаған не тонаған жағдайда ұры ҚР Қылмыстық кодексінің 188 немесе 200-баптары бойынша жауапқа тартылады. ҚР ІІМ азаматтарды көліктің ұрланған бөлшектерін сатып алуға қарсылық танытуды сұрайды. Ұрланған заттарға наразы болу қылмыстың жолын кесуге себеп болады.

Қазір Қазақстан жұртшылығын автокөлік бөлшектерінің ұрлығы мен оған қарсы күрес мәселесі қатты алаңдатып тұр. Мәселе еліміздің мақтанышы Денис Тен автоұрылар қолынан қаза тапқаннан кейін ушыға түсті.