«Қазақстан — Ұлы дала елі»: этника мәдениеті мен қазіргі заманның жарасымы

Астанадағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Қазақстан — Ұлы дала елі» атты көрме-фестиваль өтті.

Алғашқы күні көпшілік назарына қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдардың көрмесі ұсынылды. Ашық аспан астында қолданбалы өнер шеберлерінің бірі жұртқа ат әбзелдерінің жасалуын түсіндірсе, енді бірі зергерліктің қыр-сырын айтты. Аспаздар қазақтың ас әзірлеу технологиясынан тегін шеберлік дәрісін өткізді.

Фестивальдің екінші күні халықтың кәсіби, акустикалық музыкалық аспаптарының және қазіргі заманғы аспаптардың үнінен тұратын гала-концерт қойылды. Ресейдің Челябі қаласынан келген шаман, мультиинструменталист, көмей әншісі Тюргэн Кам шаңқобызбен бірнеше композиция орындады.

Қазіргі заманғы этникалық музыка Қазақстанда да дамыған. «Арқайым» нео-этно-фолк тобы көнеден келе жатқан музыка дәстүрін жаңа заман дыбысымен жарастырушы мультиинструменталистерден тұрады. Топ гала-концертте «Елім-ай», «Жол», «Күз» композицияларын орындады.

Бұл күні қазақтың шоқтығы биік мәдени мұрасы — киім тігу өнері де дәріптелді. Этникалық бағытта жұмыс істеп, көнеден жалғасқан сән үлгісін жаңғыртып жүрген қазақстандық дизайнерлер коллекцияларын көрсетті.