Батыс Қазақстан облысында 3-сыныптар жаңартылған мазмұнға көшті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «білімнің салтанат құруына» айрықша назар аударылғаны белгілі. Осыған орай еліміздегі білім ошақтары жаппай жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп жатыр.

24 тамыз күні Оралдағы М.Ықсанов атындағы№36 орта мектебі және Теректі ауданының Шаған мектебі базасында аудандық, қалалық, облыстық мектептердің жаңартылған білім беру мазмұны аясында 3-сынып мұғалімдеріне арналған «Жаңартылған білім беру мазмұнындағы 3-сыныпқа арналған оқу бағдарламасының ерекшеліктері» тақырыбында республикалық тамыз кеңесінің бірыңғай секциялық отырысы өтті.

Республикалық тамыз кеңесінің секциялық отырысына «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Оралдағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренерлері, пилоттық мектептер директорлары мен директордың орынбасарлары, бастауыш сынып әдіскерлері, жалпы білім беретін мектептердің 3-сынып мұғалімдері, барлығы 1000-ға жуық педагог қатысты.

Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Дариға Сағынаеваның айтуынша, пилоттық мектептердің педагогтары 3-сынып мұғалімдері мен пән мұғалімдері үшін қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика, жаратылыстану, дүниетану, информатика, көркем еңбек, дене шынықтыру пәндері бойынша «Жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқу бағдарламасы мен критериалды бағалаудың ерекшеліктері» тақырыбында интерактив шеберлік сыныптарын өткізеді. Оқытудың түрлі белсенді әдіс-тәсілдерін қолданып, өз тәжірибелерімен бөліседі.

Секциялық отырыс барысында қалыптастырушы және жиынтық бағалау критерийлерін жасақтау және білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу шеңберінде дифференциал білім беруді ұйымдастыру мақсатында оқыту семинар-практикумы өз жалғасын тапты. Қатысушыларға әдістемелік материалдар жинағын электрондық түрде жүктеуге мүмкіндік берілді. Кәсіби қарым-қатынас және тәжірибе алмасу алаңына айналған секциялық отырысқа қатысушылар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша өздерін толғандырған өзекті сұрақтарға толыққанды жауап алды.