Батыс Қазақстан облысында төрт күнге созылған «Жастар — Отанға-2018!» жобасы мәреге жетті. «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған облыстық лагерьдің жұмысына студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының мүшелері белсенді қатысты.
Мағыналы басқосудың негізгі тақырыптары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қаралған «Цифрлық Қазақстан», сананың ашықтығы, латын әліпбиіне көшу мәселелерін, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын талқылау болды. Төрт күндік жиынға облыстың барлық ауданынан 120 белсенді жас (ұстаздар, дәрігерлер, құрылысшылар, блогерлер, спортшылар) жиналды.
Жоспарға сәйкес, лагерьдің алғашқы күні қатысушылар Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловпен және елімізге танымал саясаткер Дос Көшіммен кездесіп, емін-еркін сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Бұл жерде жастар өздерін қызықтырған бүгінгі әлемдегі саяси ахуал, отансүйгіштікті қалыптастыру, жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы сауалдарына тұшымды жауап естіп, ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.
Еліміздің Ата Заңы мерекесімен тұспа-тұс келген лагерьдің екінші күні Орал әкімі Мұрат Мұқаевпен кездесу ұйымдастырылды. Қала əкімі жастарды Ата Заң мерекесімен құттықтап, оларға зор сенім білдірді.
Биыл екінші мәрте өтіп жатқан лагерь жастар мен билік органдары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Елімізде жүзеге асып жатқан әр жаңа дүниенің көш басында сіздер секілді жастар тұр. Білім мен біліктілікті бойда қатар ұстауға тиіссіздер
,– деді шаһар басшысы өз сөзінде. Жиын барысында жастар шаһарда мəдени ошақтарды көбейту, оқу орындары жанынан жатақханаларды көптеп салуға қатысты ұсыныстарын жеткізіп, қаланың жасыл желегін сақтайтын тазалық акцияларын жиі ұйымдастыруға ынталы екендігін байқатты.
Облыстық лагерьдің қалған күндерінде қатысушылар түрлі тренингке, семинарларға, пікірталас алаңдарына, спорттық сайыстарға белсене қатысып, үлкен әсермен ауылдарына оралды.