Азиада-2018: тоғызыншы жарыс күні қазақстандықтар қалай өнер көрсетті?

2018 жылғы Жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары үшін тоғызыншы жарыс күні аяқталды.

27 тамыз күні Қазақстан құрамасы екі алтын медальді иеленді. Каратеші Гузалия Ғафурова 68 келі салмаққа дейінгілер арасында чемпион атанса, көркем гимнастикадан еліміздің командасы (Даяна Әбдірбекова, Алина Әділханова, Адиля Тілекенова) да алғашқы орынға қол жеткізді.

«Қыздар жарады! Ең соңына дейін шыдамдылық танытып, чемпион атанып отыр. Айтарға сөзім жоқ. Біз гимнастарға қандай да бір медаль алу туралы мақсат қоймадық.  Әр спортшының мейлінше жақсы өнер көрсетуіне мән берген едік. Міне, олар бар күшін жұмсап, тартысты бәсекеде топ жарып отыр. Команданың көрсеткішіне көңілім толады. Бұл — Азия ойындарына қатысып отырған ең жас құрама. Небәрі 16-17 жастағы қыз балалар. Осы құрам бізге 2010 жылдан бері бұйырмаған Азиаданың командалық есептегі алтынын қайтарды. Біздің төккен теріміз, еңбегіміз зая кетпеді. Дәл қазіргі қуанышым шексіз. Баршаңызға алғысым зор. Жекелей сында да жүлдеге таласамыз», — дейді команданың бас бапкері Әлия Юсупова.

Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, бұл күні бокстан әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев алғашқы айналымда күтпеген жерден сүрінді.

Ал Әбілхан Аманқұл, Теміртас Жүсіпов пен Бекдәулет Ибрагимовтер келесі кезеңге өтті.

Апалы-сіңлілі Екатерина және Александра Немичтер синхронды жүзуден финалдық сынға өтті. 27 тамыздағы жарыс күнінде олар үшінші орыннан көрінді.

2010 және 2014 жылғы Азия ойындарында топ жарған Қазақстанның су добынан ерлер командасы Сингапурды 15:4 есебімен ойсырата жеңді.

Жеңіл атлеттердің бүгінгі қоржыны бос. Ал жағажай волейболынан сынға түскен Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова жұбы қола жүлде үшін өткен кездесуде Жапониядан жеңілді.

Тоғызыншы жарыс күнінің нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы медальдар санын 43-ке жеткізді: жеті алтын, сегіз күміс және 28 қола.

Индонезияда өтіп жатқан Азиада 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл ойындарға еліміздің атынан 440 спортшы қатысып жатыр.