27 тамызға арналған ауа райы болжамы: циклонның ықпалы әлі бар

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, республиканың басым бөлігіне циклон мен оның атмосфералық бөліктері әсерін тигізеді, соның салдарынан жаңбыр жауады, солтүстік-шығыстың кей жерінде нөсер болуы мүмкін. Еліміздің көп бөлігінде бұршақ жауып, жел де күшейеді.

Мамандардың болжамына қарағанда, республиканың солтүстігі мен орталығында тұман түседі. Батыста және оңтүстікте күн жауын-шашынсыз болады.

Ақмола, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде найзағай ойнап, түнде және таңертең тұман түседі, жел 15-20 м/с-қа күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін.

Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында да жел 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Павлодар облысында күндіз кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында да найзағай ойнап, 15-20 м/с жел соғады, күндіз бұршақ жауады.

Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Манғыстау, Қарағанды, Қостанай облыстарында дала өрті қаупі күшейеді.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» синоптиктері 25-27 күндері еліміздің көп бөлігінде толассыз жаңбыр жауатынын хабарлаған еді.