Басты бетЖаңалықтарҚайрат Қожамжаров...

Қайрат Қожамжаров Түркістан облысының тұрғынын ақтап шықты

Бір ай аралығында ҚР Жоғарғы соты Бас прокурордың 14 наразылығын қанағаттандырды.

ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңға сәйкес, Бас прокурор өзінің бастамасы негізінде немесе тұлғалардың өтінішхаты бойынша күшіне енген сот актілеріне кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы наразылық енгізу құқығына ие.

Соның ішінде Сарыағаш аудандық сотының 2016 жылғы үкімімен полиция қызметкеріне қатысты жалған сөз жеткізгені (ҚК 419-бабы 2 бөлігі) үшін азамат Раймжановтың бас бостандығы 1 жылға шектелген.

Полицейлер азаматты қарақшылық жасады деген күдікпен ұстаған. Одан кейін ол кінәні мойындату үшін қызметкерлер «азаптады» деп, прокурорға жүгінеді. Қызметкерлердің кінәсі анықталмай, Раймжановқа қатысты көрінеу жалған сөз жеткізгені үшін қылмыстық іс қозғалған. Тергеу кезінде және сотта Раймжанов азаптаудың болғанын дәлелдей алмады. Кейін Раймжанов сот үкіміне шағымданбаған.

«Көмекке жүгінушінің сотталуы Қазақстан қатысатын БҰҰ Тұжырымдамасы мен ұлттық заңнамаға қайшы келеді. Осыған орай Бас прокурор наразылық енгізді», — делінген хабарламада.

2018 жылғы 22 тамызда Жоғарғы сот наразылықты қанағаттандырып, Раймжанов ақталды.

Сонымен қатар Бас прокурордың наразылығы сотталғандардың хал-ахуалын жақсартуға қатысты енгізілді.

Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен Мартынкевич деген азамат ҚК 191-бабының 2-бөлігі бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Оған жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеу тағайындалды.

Алайда сот қауіпсіздігі барынша жоғары режим рецидивистерге, аса ауыр қылмыс жасағандарға немесе бұған дейін бас бостандығынан айырылғандарға (ҚК 46-бабы 5 бөлігі) тағайындалатынын есепке алмаған. Мартынкевич аталған категорияға жатпайды.

Бұл туралы Мартынкевич білмеген және сот үкіміне шағымданбаған. Аталған факт прокурорлық тексеру кезінде анықталды.

Аталған мән-жайларды есепке ала отырып, Бас прокурор сотталушыны қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінен (қатаң режимдегі колония) орташа қауіпсіз мекемеге (жалпы режимдегі колония) ауыстыру туралы  наразылық енгізді.

2018 жылғы 22 тамызда Жоғарғы сот наразылықты толықтай қанағаттандырды.